Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша толықтыруларды мақұлдады

Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша толықтыруларды мақұлдады

17 мамыр, 17:33 120 Астана
Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша толықтыруларды мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқыланды, деп хабарлайды  BNews.kz.

Құжат бойынша депутаттарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндап берді.

Заң жобасында зейнеткер жасындағы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ балалы отбасыларды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жөніндегі шараларды күшейту көзделген.

Заң жобасының негізгі ережелері:

1) 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін көтеру;

2) бала тууға байланысты жәрдемақылардың мөлшерін 20 %-ға көтеру;

3) жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін қабылданатын кірістің ең жоғары мөлшерін 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру;

4) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізудің көзделген мерзімін 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру. Қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында заң жобасы шеңберінде депутаттардың ұсыныстары ескеріле отырып, атап айтқанда:

- жаңадан құрылған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау министрліктері арасында функциялардың аражігін ажырату бөлігінде «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға;

- арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі көрсетілетін, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар тізбесін толықтыру бөлігінде «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заңға;

- шағымдарды, оның ішінде есепке жазылған міндетті зейнетақы жарналары бойынша шағымдарды қарау мәселелерін реттеу мақсатында, осындай шағымдарды қарауға Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілеттіктерін айқындау бөлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Министрдің мәлімдеуінше: жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі түзетулер, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормалары мен мазмұнын жақсартатын ұсыныстар енгізді. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген.

Заң жобасының таныстырылымы ағымдағы жылғы 12 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің және жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен Комитеттің кеңейтілген отырысында өткен.

Жұмыс тобына 70-тен астам түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, күш құрылымдарының, Ұлттық банктің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Кәсіподақтар федерациясының, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана филиалының, «Бірлік» саяси партиясы өкілдерінің, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 4 отырысында қаралған.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат бойынша баяндаманы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Зәуреш Аманжолова жасады.

Заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайларында халыққа медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында әзірленіп, онда: аударымдар мен жарналардың мөлшерлемелері мен оларды есептеу объектілерін өзгерту; жаңа төлеушілер санаттарын және жарналарын төлеуді мемлекет жүзеге асыратын адамдардың санаттарын енгізу; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде халықты дәрілік қамтамасыз ету;Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру; әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тәртібі мәселелері көзделеді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында 2017 жылғы 3 мамырда бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын екінші оқылымда талқылауға дайындау барысында жұмыс тобы мен Комитет мыналарды:

- салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе салық заңнамасына сәйкес әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналарының бір ең төмен жалақының бес пайызы мөлшерін;

- жиынтық кіріс мөлшерінен жұмыскердің жарналарын есептеу бөлігінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның нормаларын нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

Жұмыс тобына 180-ге жуық түзету келіп түскен, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жұмыс берушілердің, парламенттік емес саяси партиялардың, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың, жеке меншік медициналық сақтандыру компанияларының және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он екі отырысында, сондай-ақ Комитеттің екі кеңейтілген отырысында қаралды. Қорытынды салыстырма кесте қабылданған 119 позициядан тұрады.

Отырыс барысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері мен Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы ҚР Заңына толықтырулар енгізу жайында және Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы заң жобаларына қорытынды әзірлеуді қолға алды.

Осылармен қатар бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Қырғыз Үкіметтері арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы және 2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан мен Қырғыз Үкіметтері арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Loading...