Бір рет қан тапсырып, үш адамның өмірін құтқаруға болады

Бір рет қан тапсырып, үш адамның өмірін құтқаруға болады

19 мамыр, 17:20 5384 Астана
Бір рет қан тапсырып, үш адамның өмірін құтқаруға болады

Қазір әлеуметтік желінің адам өмірінен алатын орны ерекше. Ақылы озық адамдар желіні түрлі мақсатта пайдаланып, ғаламтор әлемін жаулап алуда. Кейде Instagram, Facebook, Вконтакте желілері мен Whats App байланыс жүйесі арқылы көмек сұрайтын жандар да көп кездеседі. Сондай көмектердің бірі – қан тапсыру. Жақыны мен туысы, досы немесе танысы ауруханаға түсіп, қан құю қажет болған жағдайда, осы байланыс жолдары арқылы хабарлама таратылады. Қан тапсыру туралы көмек сұраған хабарламаны оқығанда, Қан орталығында қан бітіп қалған ба деген ойға келеміз. Асылында олай емес. Мұның мән-жайын білу үшін BNews.kz тілшісі қан қызметі саласында жұмыс істейтін  Астана қаласы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы (Қан орталығы) Қоғаммен байланыс және алықаралық ынтымақтастық бөлімінің менгерушісі Қожахметова Жұмагүл Сапарқызымен cұхбаттасып, нақтылап білді.

Жұмагүл Сапарқызы, Қан тапсыруды сұрайтын хабарламаларды жиі оқимыз. Сіздің мекеме тарату туралы өтініш жасай ма, әлде Қан орталығының қорында қан тапшы ма?

Жоқ, біз ондай хабарлама тарату туралы өтініш айтпаймыз, өзіміз таратпаймыз. Ешқашан болған емес. Қарапайым халық дұрыс түсінбегендіктен, осындай дүрбелең туады. Кейде сол хабарламалар арқылы келгендердің саны көп болады. Әрине, қан тапсыруға келгені жақсы. Бірақ біз мұқтаж болғандықтан емес, ерікті түрде келгені жөн. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының қорында қан және оның компоненттері, соның ішінде сирек кездесетін қан тобының мөлшері толық. Себебі, олар үнемі негізде толтырылып отырады. Біздің орталығымыз елорданың 22 медициналық ұйымын 100 % қанмен қамтамасыз етіп отыр.

Қан орталығына орташа есеппен күніне қанша адам қан тапсырады?

Күн сайын стационар жағдайында, яғни Қан орталығының базасы арқылы 100 – кейде көп, кейде аз адам тапсырады. Бұдан басқа жыл бойы қаламыздың түрлі ұйымында, алпауыт компанияларда, әскери бөлімшелерде, құқық қорғау органдарында, ЖОО-да және т.б. мекемелерде донорлық акциялар өтіп, біздің арнайы жылжымалы құрылғымыз арқылы ниет білдіргендер қан тапсырады.

Қан орталығының қызметкерлері шетелде тағылымдамадан өте ме?

Біліктілікті арттыру, алдыңғы қатардағы тәжірибені үйрену, жаңа технологияларды меңгеру және тәжірибе алмасу мақсатында қызметкерлеріміздің шетелге шығуға мүмкіндігі бар.

Ерікті түрде қан доноры болған адамға қанша теңге бөлінеді?

Трансфузиолог дәрігердің қарауынан және донацияға рұқсат алған соң, яғни қан тапсыру процедурасының алдында донорға печенье мен тәтті шай беріледі. Қан тапсырғаннан кейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылдың 22 маусымындағы №324 бекітілген бұйрығына сәйкес қанды тегін беретін донорға 0,25 АЕК-ға тең тағам бөлінеді.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде Қан орталығының қызметкерлері қандай режимде  жұмыс істейді?  Немесе көрме кезінде арнайы жабдығыңыз жедел қызмет көрсетеді ме?

«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде арнайы режим болмайды. Қан орталығы бұрынғыша жұмысын жалғастырады. Жоғарыда айтып кеткенімдей, қорымызда қан мен оның компоненттері жеткілікті. Арнайы жабдыққа келетін болсақ,  стационардан бөлек, бізде 200-ге жуық донор қабылдай алатын жылжымалы қан қабылдау пунктіміз бар. Бұл жоспарлы түрлегі донорлық акция кезінде жүзеге асырылады.

 

Қан орталығының алдағы уақыттағы жұмыс жоспарында  қандай ерекшелік бар?

Бүгінде қан қызметін реформалайтын Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамыту туралы 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында республиканың қан орталықтарын, клиникаларын, донорлық қанды құю және басқа да сәйкес қызметтерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық жүйе құру мәселесі тұр. Бұл бағдарламаны пайдалану арқылы қанның компоненттерін даярлау, тексеру және сақтау процесін автоматтандыру, содан кейін біздің тұтынушыларымызды тіркеп, емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі қан қорын басқару мүмкіндігі туады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Болашақта қан қызметінің бірыңғай ақпараттық жүйесі жеке тұлғалардың мемлекеттік базасына қосылады да, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы потенциалды донор туралы деректерді алуға болады.

Отандық денсаулық сақтау саласы үшін қан донорлығы мен оның компоненттерін дамыту маңызды тапсырма болып тұр. Өз еркімен тегін донорлық жасау қан қызметінің негізін қалайды. Қан құю – қан кету, қан аздық, шок алу, хирургиялық үлкен оталар кезінде, түрлі аурулардың емі үшін таптырмас құрал. Және бүгінде емделушінің өмірін аман алып қалудағы жалғыз,  өте қажетті амал. Қан құю кезінде толық қан қолданылатын кез келген адам біле бермейді. Ал, бір рет қан тапсырған адам орташа есеппен үш адамның өмірін құтқарады. Өйткені қанның бір дозасынан бернеше компонент алынады. Қан тапсыру донордың өзіне де жақсы әсер етеді. Себебі, жиі қан беретін адам жүрек-тамыр ауруларымен сирек ауырады және қан кету болған жағдайда қатты қиналмайды. Сондай-ақ, жиі қан тапсыратын донор статистикадағы өмір сүрудің орташа жас мөлшеріне қарағанда 5 жыл ұзақ өмір сүреді. Себебі, олардың қан айналым жүйесі белсенді қызмет атқарады, мидың жақсы жұмыс істеуіне және иммунитеттің үнемі жақсы қалыпта болуына септігін тигізеді. Яғни, донор бола отырып, өзгенің жанын ғана сақтап қалмай, өз өміріңді де ұзартасың.

Жұмагүл Сапарқызы, еңбегіңізге жеміс тілейміз.

Бүгінде еліміздің медицинасында да аталмыш саланың дамығандығын байқаймыз. Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған Қан қызметін дамыту тұжырымдамасында атап өткендей, Қан қызметі отандық денсаулық сақтаудың актуалды салалары болып табылады.

Жедел медициналық жәрдемнің тиімділігі, медицинаның әртүрлі бағыты бойынша жаңа технологияларды енгізу және де азаматтардың денсаулық көрсеткіштері қан қызметінің дамуымен тікелей байланысты.
Осы саладағы проблемаларға жаңаша көзқарас азаматтардың денсаулық сақтау жүйесінде экономикалық жаңашылдықтармен және әлемдік трансфузиологиялық тәжірибеде қолданылатын технологияларды дамытудың заманауи деңгейімен негізделген.

Қызметтің халықаралық стандарттарына жоспарлы түрде ауысуды қатамасыз ету, өндірістік және клиникалық трансфузиологиядағы ғылыми-талданбалы зерттеулерді өткізу кезінде жағдайлар жасау, қан қызметінің кадрлық әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет.

Республикада қан қызметі саласында жұмыс істейтін  18 ұйым – Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы, Республикалық қан орталығы, 14 облыстық қан облыстық қан орталықтары, Алматы мен Семей қалаларындағы қалалық орталықтар жұмыс істейді.

Сұхбаттасқан: Рахиля Бекназарқызы