2017 жылдың 15-16 ақпанында Сирия бойынша Астанада өткен халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

2017 жылдың 15-16 ақпанында Сирия бойынша Астанада өткен халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

17 ақпан, 19:12 518 Астана
2017 жылдың 15-16 ақпанында Сирия бойынша Астанада өткен халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

2017 жылдың 15-16 ақпанында Сирия бойынша Астана процессінің шеңберінде Астана қаласында жоғары деңгейдегі кезекті кездесу өтті. Кездесуге Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясының, атысты тоқтату режиміне кепілдік етуші мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иранның, сондай-ақ Иорданияның, Біріккен Ұлттар Ұйымының, байқаушы ретінде Америка Құрама Штаттарының делегациялары қатысты, деп хабарлайды Bnews.kz.

Астанадағы келіссөздер уақытша бітімге келу туралы келісімдерге қатысты 2017 жылғы 23-24 қаңтарда бірінші кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру арқылы сириялық реттеу процессінде іс жүзінде алға ілгерілеуді қамтамасыз етуге бағытталды.

Делегациялар кездесудің ұйымдастырылғанына алғысын білдірді және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана платформасында сириялық дағдарысты реттеу жолдарын іздестірудегі елеулі үлесіне жоғары баға берді.

Екі күндік келіссөздердің нәтижесінде кепілдік етуші мемлекеттер соғыс амалдарын тоқтату режимін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ережені келіскендігін хабарлады. Топтың міндеттеріне қарулы оппозициялық топтарды террористік ұйымдардан бөлуді қамтамсыз ету және сириялық қақтығысты саяси реттеуді ілгерілету үшін сенім шараларын нығайту кіреді. Бірлескен топ тұрақты түрде тараптардың соғыс амалдарын тоқтату режимін сақтауы бойынша мәселелер жөнінде кеңесулер өткізіп тұрады, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарының бұзылу жағдайларын тергейді, зорлық-зомбылықтың өршуінің алдын алады және Сириядағы гуманитарлық жағдайдың жақсаруына жәрдем береді.

Сондай-ақ, атысты доғару режимінің бұзылуын анықтайтын және уақытша бітімге қосылған аймақтар туралы құжаттар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан қол жеткізілген уағдаластықтарды жақтайды және Астана процессінің кезекті отырысының нәтижелерін сирияаралық диалогты, оның ішінде БҰҰ аясында Женевада ілгерілету үшін жағдай туғызу жолындағы іс жүзіндегі қадам ретінде қарастырады. 

Қазақстан Сириядағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерлерге, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өзінің жұмысы арқылы одан әрі барлық қажетті жәрдем көрсетуге дайын.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «Сирия келіссөздері»