20 жыл бойы бие сауып келе жатқан омбылық отбасы қымызмұрындыққа келді

20 жыл бойы бие сауып келе жатқан омбылық отбасы қымызмұрындыққа келді

19 мамыр, 18:05 558 Павлодар облысы
20 жыл бойы бие сауып келе жатқан омбылық отбасы қымызмұрындыққа келді

Павлодар қаласында қалалық мәдениет және демалыс саябағында жыл сайын тойланатын қымызмұрындық мерекесі биыл халықаралық деңгейде аталып өтуде, деп хабарлайды BNews.kz pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Омбы қаласы әкімшілігінің қолдауымен жыл сайын омбылық қазақтар Достық қаласы мерекесі аясында бие байлап, тегін ұлттық тағамдар таратады. Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы президентінің көмекшісі Зәуреш Асанованың айтуынша, бүгінгі таңда Омбы облысында 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Өңірлік қазақ ұлттық мәдени автономиясында сегіз қоғамдық қазақ бірлестігі бар.

«Қымызмұрындық мерекесіне биыл осымен үшінші жыл қатысып отырмыз. Өзімізбен бірге қымыз ала келдік. Біз де өз жерімізде ұйымдастырылатын мерекеге орай алтыбақан құрып, киіз үй тігеміз. Балаларға ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді үйретеміз. Ата-енем өмір бойы ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып келген. Келін болып түскеніме 20 жыл болса да бие саууды тоқтатқан емеспін.Тіпті, кейде литрін 600 теңгеден саудаға қоямыз», - дейді Зәуреш Асанова.

Ресейде жұмыс істей бастаған алғашқы этно-мәдени бірлестіктердің бірі Омбы облысының қазақ ұлттық-мәдени автономиясы 1999 жылы құрылған. Ұйымның жанынан «Омбы қазақтары» атты басылым шығады. Қымызмұрындық мерекесіне Ақмола, Қарағанды, Алматы өңірлері мен Ресей, Қырғызстан елдерінің делегациясы қатысуда.

тақырыпты жалғастыруға «»