Ақтөбелік кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өсірмеу туралы меморандумға қол қойды

Ақтөбелік кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өсірмеу туралы меморандумға қол қойды

23 желтоқсан, 10:07 268 Ақтөбе облысы
Ақтөбелік кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өсірмеу туралы меморандумға қол қойды

Азық-түліктің бағасы негізсіз көтерілмейді. Ақтөбе қалалық әкімдігі кәсіпкерлерді жиып, меморандумға қол қойды. Келер жылы ірі супермаркеттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қосылатын үстемеақыны 10 пайыздан асырмайды. Ал жергілікті тауар өндірушілер ішкі нарыққа басымдық береді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. 

Ақтөбе қалалық әкімдігі азық-түлік бағасына жауапты кәсіпкерлерді түгел жинады. Екі арада ортақ келісім бар. Мәселен, «Анвар», «Дина» секілді ірі супермаркеттер тауарға қосылатын үстемеақыны 10 пайыздан асырмайды. Бұл – тек әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын талап. Ал сүт және сүт өнімдерін, ет өнімдері мен көкөніс шығаратын ірі тауар өндірушілер ішкі нарыққа басымдық береді. Яғни, бұған дейін жергілікті жерде өндірілетін тағамдарды сырт елге, өзге облыстарға шығаруға асығатын болсақ, енді өзімізді толық қамтамасыз ету міндеттелді. Кәсіпкерлер бұл келісімді құптап, екіжақты меморандумға қол қойды. 

«Ірі сауда орындары жалға беретін орындардың құнын қымбаттатпайды. Сонымен қатар, жергілікті тауар өндірушілерге орын ұсыну міндеттелді», – деді қала әкімі Ілияс Испанов. 

Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру мақсатында жасалған меморандум аясында жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге уәде берді. Қай жерде қандай жеңілдіктер бар екені халыққа әкімдік сайты арқылы жеткізіліп отырады.

Фото: автор

Сонымен қатар, Ақтөбе мен Қызылорда облыстары арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тауар өндірушіден тікелей жеткізілетін болады. Қазіргі күні өңіраралық кооперацияны дамыту тапсырмасын орындау үшін Ақтөбе облысы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарымен байланыс орнатты. Соңғы бір жылда Ақтөбеден Қазақстанның түкпір-түкпіріне 9,5 миллиард теңгеге өнім шығарылған. Ал Ақтөбеге өзге өңірлерден 4,5 миллиард теңгенің өнімі әкелінді.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «азық-түлік бағасы»