Әлеуметтік желіде пікір туғызушылар немесе кімнің сөзі өтімді?

Әлеуметтік желіде пікір туғызушылар немесе кімнің сөзі өтімді?

10 желтоқсан, 12:27 1257

Осыдан 100 жыл бұрын жер бетінде 1 млрд 700 миллионнан аса адам болған екен. Қазірде фэйсбук пайдаланушылар саны да дәл осыншаға жетті, - деп жазды бүгін өз парақшасында Марк Цукерберг. Біле білгенге бұл сұмдық санайғақ. Қазірде жаһанда 7 млрд. 300 адамға жеткенін қаперге алсақ, жұмыр басты пенденің саны бір ғасырда 4 жарым есе көбейгенін аңдаймыз. Демек, орта есеппен алғанда ғаламымыздың әрбір төртінші ғазиз жаны фэйсбукты пайдаланады деп пайымдауға негіз бар.  

Қазір не көп ақпарат көп. Көз ашқаннан адамды ақпарат қоршап тұр. Компьютерді ашсаң ақпарат, смартфоныңа, планшетіңе үңілсең ақпарат, пошта жәшігіңде де ақпарат (газет, журнал), теледидарды қоссаң ақпарат, көлікте келе жатып радионы қоссаң ақпарат. Бәрінен шұғылы интернеттен, нақтырақ айтса, әлеуметтік желілерден жеткен ақпарат. Ең дереу ақпарат тиісінше бәрінен бұрын оқылады. Әлеуметтік желідегі ақпараттың дәстүрлі медиадан бұрын әуелі халыққа жетіп, «сіңімді» болатыны да содан. Өйткені, әлеуметтік желілердің «қазір және осы жерде» факторы бар. Бірақ әлеуметтік желідегі ақпаратты кімдер таратып жатыр? Оның халыққа ықпалы қалай? Осы және өзге мәселелер Алматыда өткен «Қазақстандағы интернет және қоғамның белсенділігі» тақырыбында өткен конференцияда талқыланды. Билік пен қоғам өкілдерінің басын қосқан шараны «Жас қазақ» газеті, коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар қоры және «Самұрық Қазына Траст» қоры ұйымдастырды.                    

     Әлеуметтік желі елімізде «Бақ туралы» заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құралындарына теңестірілген. Тиісінше, фэйсбук өкілдерін БАҚ өкілдері деуге негіз бар.

Елімізде әлеуметтік желі қолданушыларының саны артқан сайын, жаһандық желіде «пікір туғызушылар» (opinion maker) саналған әлеуметтік топтың ықпалы арта бермек. «Пікір туғызушылар» әдетте қоғамда өзіндік әлеуметтік мәртебесі бар, сөзі өтімді, пікірі шалымды, желідегі жазылушысы көп адамдар. Бұрын дәстүрлі журналистің сөзі ықпалды, қоғамға қозғау тудыра алатындай болса, бүгінде бұл привилегия әлеуметтік желідегі «пікір туғызушыларға» өткен сыңайы бар. Себебі түсінікті. Газетте жақсы жазылған мақаланы газетті жаздырып алған немесе сатып алған немесе ұшақта тегін алған адам ғана оқуы мүмкін. Теледидардағы хабарды да оны арнайы уақытта қосқан адам ғана көре алады. Радио көбіне көлікте тыңдалады.   Әлеуметтік желіні адам кез-келген уақытта қоса алады, видеоконтенттегі бейнені көре алады, аудиоподкаст арқылы тыңдай алады. Журналистердің контенті әдетте желідегі жазбаларға қарағанда едәуір сауатты келеді, рас. Алайда сайып келгенде желідегі «пікір туғызушылардың» постары көп оқылады, көп талқыланатыны жасырын емес, тіпті,  ол көтерген мәселеге байланысты тиімді шешім қабылданады.

Бұрындары мысалы, журналисттің көтерген мәселесі бойынша әр мекеме өзінше жиналыс өткізіп, қызметтік зерттеу жүргізетін. Қазірде бұл функцияны әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары атқарып жүр. Сөзіміз жалаң болмас үшін жуырда Астанадағы атышулы Мейрамовтар отбасын талқылап көрелік. Жердің ақысына берген өтемақыны қанағат тұтпаған отағасы қала басшылығына ультиматум қойды: «не үйді қалдырасың, не өтемақыны көбейтесің не өзімді газ балонмен жарып жіберем», деп қасарысып тұрып алды. Бұл оқиға туралы әлеуметтік желі белсендісі Сырым Әбдірахманов жазып еді. Мәселе араға көп уақыт өтпей жатып, қала әкімінің Мейрамовтар отбасына пәтер беруімен шешілді. Әлбетте, мұнда тек Сырым Әбдірахмановтың сөзі ғана емес. Сырым мырза тек қоғамға қозғау салушының бірі ғана болды. Бірақ пікірі шалымды болғанымен келіспеуге болмайды. Осындай сыни материал әлдебір республикалық газетте шықса, осыншама резонанс тудырмайтын еді. Өйткені, қағаз нұсқаның оқылуы сирек. Алматыдағы конференцияда осындай «пікір туғызушы» әлеуметтік желі белсенділерінен бөлек, қоғамдық ұйымдардың да желідегі белсенділігін  арттыру қажеттігі де айтылды. Мәселен, жуырда Алматыда болған лаңкестік кезінде ресми биліктің үнсіздігі өз алдына, халыққа ең құрығанда басу айтып, тыныштық сақтауға шақыруы тиіс қоғамдық ұйымдардың дені мүлде тым-тырыс қалды. Тек «Болашақ» республикалық қозғалысы мен «Қазақстан 2050» Жалпыұлтттық қозғалысы ғана қоғамға басу айтты. Қоғамдық ұйымдардың қолынан не келеді дейсің? деп қысқа қайыра салуға болады. Алайда мәселен, оқиға кезінде халықтан қанды көріністерді таратпауға және жалған ақпарат таратқанның арты қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін айтып, барынша сақ болуға шақырған хабарламаларды жазуға болушы еді. Лаңкестік кезінде халық тек қана қоғам белсендісі, блогер Өркен Кенжебектің қанды көріністер салмау қажеттігі турасындағы постылары көп оқылды. Оған дәлел сол постқа басылған лайктар мен көп комменттерден байқауға болады. Бұл бұл ма, Мюнхен мен Алматы полициясының ақпарат тарату тұрғысынан қарастыратын болсақ, Мюнхен полициясы теракт болған 40 минуттан кейін-ақ, туиттерде халықты сабырға шақырған хабарлама жариялады. Тағы бір айта кетері, Мюнхен полициясы жұртшылыққа жағдайды өздері нақты білмейтінін айтудан қорыққан жоқ: «Біз өзімізде әлі мән-жайды нақты білмейміз. Бірақ, кеңселеріңізден, үйлеріңізден шықпай отыруды, қанды көріністерді таратпауды сұраймыз» деп халықты тыныштандырып, орынсыз сасу мен күйзелістің орнын алды. Әлеуметтік желідегі қоғам белсенділерінің қоғамға қозғау сала алар қауқарын конференцияда ҚазҰУ профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтан да қуаттап, оларды зерттеу қажеттігін алға тартты:  

«Еліміздегі 3 миллионнан астам интернет пайдаланушылардың қатарына әлеуметтік желілер контингентін қоссақ, бұл үлкен әлеуетті танытады. Иә, виртуалдық медиада қоғамдық пікірді қалыптастыра алатын лидерлер көп. Дегенмен, азаматтардың түрлі медиа алаңдар арқылы қоғамдық үн қатуы мен қатысуын зерттейтін уақыт келді. Интернет қоғам, әлеумет, бизнес үштағанын біріктіріп отырған үлкен саяси индустрия. Электронды демократия, электронды коммерция, электронды мода сияқты өмірге батыл енді».

Әлеуметтік желідегі «пікір туғызушылардың» ықпалды күш екенін құптаған Данияр Әшімбаев өкінішке қарай, таяқтың екі ұшы барын ашына айтты: «Әлеуметтік желіде, интернетте халықтық "эксперттер" көбейді. Кемшілігі, олар қоғамның барлық саласы туралы білсін-білмесін пікір айтуға құмар. Мәтінді әдемі құрастыра білсе болды, халық оны жақсы тұтынатын болды. Белгілі қоғам қайраткері Айдос Сарым болса, тек желіде пікір туғызушылардың посттарына иек арта бермей, шынайы өмірде мәселені шешудің тетіктерін көбірек қарастыру керек деген ойын бүкпесіз айтты: «Әлеумжеліге шектен тыс құмартушылық мәселені шешпейді. Толғақты мәселе көтерілсе, халық оған лайк басады, бөліседі, коммент жазады. Болды, бітті. Мәселе осылай ұмытылады, шешілмей қалуы мүмкін. Қоғамдық мәселені шешуге ықпал ету үшін онлайн емес, оффлайн тетіктер де керек.

Түйін. Интернеттің, оның ішінде әлеуметтік желілердің дамуымен бірге азаматтық қоғам дами береді, санасы өсе береді. Сондықтан да қазір жұртшылық соңғы инстанция ретінде журналистерді емес, желідегі қоғам белсенділеріне жүгінуді қолай көреді. Оларды блогер дейік, басқа дейік, одан оның мәні өзгермейді. Желіде кімнің жазылушысы көп, соның сөзі өтімді. Мұны тіпті, соңғы жылдары шенеуніктердің түрлі жиындарға журналистерді емес, желідегі белсенді  блогерлерді шақыруға құмартуынан-ақ байқауға болады.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «»