Астанада II халықаралық қайырымдылық BI марафоны өтеді

Астанада II халықаралық қайырымдылық BI марафоны өтеді

18 мамыр, 19:43 180 Астана
Астанада II халықаралық қайырымдылық BI марафоны өтеді

Екінші Халықаралық қайырымдылық BI-Marathon 2017 жылы 28 мамыр күні Астанада өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өткізген брифингінде BI Group Development холдингі басқармасының төрағасы Амангельды Омаров мәлімдеді. Брифингіге боксшы, олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаев, «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының директоры Гүлхан Исабаева, жеке кәсіпкер және марафоншы Ақмарал Мейірман қатысты, деп хабарлайды BNews.kz.

Басқарма төрағасы айтып өткендей, BI Group компаниясы еліміздің халық арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша саясатын белсенді түрде қолдайды. Өз кезегінде компания басшылығы да спортпен айналысуды қаржыландырып және жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларын марапаттай отырып, мыңдаған ұжымын салауатты өмір салтына баулиды.

Марафонға қатысу арқылы әрбір адам қайырымды іс жасай алады. Жиналған барлық қаражат «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорына жіберіледі. 2004 жылдан бастап, қор мүмкіндіктері шектеулі балаларға, сондай-ақ балалар мекемелері мен ауруханаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Қор шетелден жоғары білікті мамандарды шақыра отырып, емделіп жатқан балаларға хирургиялық ота жасайды – 2,5 жылдың ішінде сал ауруына шалдыққан үш жүзден астам қазақстандық балаға ота жасалды, 1000-нан астам оңалту курсы жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, BI-Марафон өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылды. Жиналған қаражатқа сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу үшін медициналық жабдықтар сатып алынды. Бүгінде ол Астанадағы «BI-Жұлдызай» медициналық оңалту орталығында, балалардың емдік іс-шараларына қолданылып келеді.

Loading...