Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруды жандандыруды тапсырды

Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруды жандандыруды тапсырды

18 шілде, 12:31 319 Астана
Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруды жандандыруды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Вnews.kz Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап. 

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндағандай, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру халық үшін тұрғын үйдің  қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында басталды. Бағдарлама бес бағыттан тұрады: халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу; жеке тұрғын үй құрылысын дамыту; тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу; жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру; ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру.

ҚР ИДМ мәліметінше, бірінші жартыжылдықта барлық көздер есебінен 5,5 млн ш. м. (жоспарға 54%) немесе 47,7 мың пәтер мен үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылдың осы кезеңінен 11% жоғары. Мемлекеттік қаражат есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7,3 мың пәтер пайдалануға берілді.

Бағдарламаның төрт бағытын іске асыру туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е. Досаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері Қ. Ақсақалов пен Б. Бақауов баяндама жасады.

Мәселені қарауды қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне халықтың қажеттіліктері мен азаматтардың оны сатып алуға дайындығын ескере отырып, бөлінетін қаражатты және тұрғын үй құрылысы көлемін жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында бөлінетін қаражатты мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету және жеке құрылыс салушыларды тарту бойынша жұмысты күшейту қажет.  

Облыс әкімдіктеріне «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыру, жаппай құрылыс салатын жерлерді алдын ала анықтау және таяу жылдарға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларында қарастырылған көлемде жобалық-сметалық құжаттама жасауға жергілікті бюджеттен уақытылы қаражат бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.  

тақырыпты жалғастыруға «Нұрлы жер»