Ақтөбеде нан мен қант бағасы негізсіз қымбаттады
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары

Астана
USD 316.56
EUR 342.14
CNY 45.99
RUB 5.52


Ақтөбеде нан мен қант бағасы негізсіз қымбаттады

ФОТО: ysia.ru

Маусым айында Ақтөбеде нан, қант бағасы негізсіз қымбаттаған. Бірнеше ай бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті істі сотқа жіберді. Егер коммуналдық төлемдер көтерілді деген сылтаумен нан мен қант бағасының негізсіз өскені дәлелденсе, ірі нан комбинаттары мен сауда орындары айыппұл төлейді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Маусым айында Ақтөбеде нан бағасы 5 теңгеге қымбаттап, наубайханалар бұған дейін 68 теңгеден өндірген бір бөлке нанды дүкендерге 73 теңгеге сатты. Дүкен сөресіне түскен нанның құны тағы да көтерілді. Тексеру жүргізілді. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті деректі бірнеше ай зерттеп, кәсіпкерлердің қитұрқы әрекетке барғанын анықтады.

«Нан бағасы бірінде 66 теңгеден 69 теңгеге, екінші өндірушіде 68 теңгеден 73 теңгеге қымбаттады. Тексеру кезінде ірі нан өндіруші компаниялардың қаржылық жағдайы жақсы екені анықталды. Тіпті, қос компания нан сатудан пайда тапқан, ешқандай да шығын келмеген. Шын мәнінде, олар бизнестің басқа түрінде шығын көріп, нан бағасын өсіруді жөн санаған. Негізгі себепті олар коммуналдық төлемдердің қымбаттауымен түсіндіреді. Ал коммуналдық төлемдер 2015 жылы қымбаттап, 2016 жылы, керісінше, төмендеген. Мәселен, электр энергиясының бағасы 4 пайызға арзандады», – дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ерғалиев.

Қазір осы іс бойынша жиналған материалдардың бәрі сотқа жолданды. Егер нан өндірушілердің кінәсі дәлелденсе, қос компания 15 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Сонымен қатар, облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті маусым айындағы сұранысты пайдаланып, қант бағасын 265 теңгеге дейін көтерген «Анвар» және «Лучшее решение» серіктестігі жазалануы мүмкін екенін жеткізді.

«Тексеру кезінде «Анвар» және «Лучшее решение» серіктестіктері қант бағасын келісіммен қымбаттатқаны белгілі болды. Себебі, екі компанияның жеткізушілері екі түрлі. Қант сату нүктелерінің саны өспеген, жұмысшылар қатары артпаған. Яғни, бағаны өсіруге еш себеп болмаған. Бұл екі компания өткен жылы да дәл осы жолмен қант бағасын көтерді. Айыппұл төледі. Биыл іс тағы сотқа жіберілді. Егер кінәлары дәлелденсе, «Анвар» 2 миллион теңгеге жуық, «Лучшее решение» серіктестігі 577 мың теңге айыппұл төлейді», – облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ерғалиева.

Айта кетейік, департамент мамандары нан мен қант құнын көтергендерге бұрынғы бағаны қайтару туралы ұйғарым берді. Бірақ, нан комбинаттары өз істерінің дұрыс екенін алға тартып, келісімге келуден бас тартып отыр. Қазіргі уақытта 10 данасы 297 теңгеге жеткен жұмыртқа бағасын тексеру жұмысы басталды. Сонымен қатар, сұйылтылған газ сататын 16 субьектінің жұмысы тексеріледі. Себебі, нарықтағы баға әртүрлі болуы қажет. Ал қаладағы газ құю бекеттерінде газдың литрі 45 теңге. Бұл тұтынушыға таңдау құқығын бермейді. Болжам бойынша, газ таратушылар өзара келісіп, бір бағаны ұстап тұруы мүмкін.


Қатысты жаңалықтар:
comments powered by HyperComments