GMO-өнімдер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады ма?

GMO-өнімдер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады ма?

11 желтоқсан, 10:05 4591

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «XXI ғасырдың жаһандық он сын-қатердің» үшіншісі ретінде айшықталғаны белгілі. Стратегиялық құжатта Елбасы әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік мәселесін шиеленістіретінін баса айтты. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, талғажау етер тамаққа жарымаған елдердегі халық саны өсе бермек.               

Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған факторлар – әлемдегі азық-түлік қымбатшылығы, аймақ елдерінің кедейлігі, инфляцияның өсіп кетуі, макроэкономикалық тұрақтылық мәселесі, су ресурстары мен сауда-саттық саласындағы ынтымақтастықтың жоқтығы, климаттық және географиялық жағдайлардың қиындығы, демографиялық жағдайдың өзгеруі мен халық санының күрт артуы. Мемлекет басшысы айтқан тамақ өндіруде революциялық шешімнің мысалы ретінде келешекте ГМО-өнімдерді өндіруді айтуға бола ма? Осыған жауап іздеп көрелік... 

Англияның Норвич қаласында «болашақ» бағдарламасымен оқығанымда  ағылшынның шағынмаркеттерiнен күнделікті қажетті азық-түлiк аламыз ғой. Сондай кездері көкөнiс аларда алдымен ары-берi аударыстырып алатынымды байқадым. Мәселен, картопты. Елде жүргенде базар не  супермаркетке кiргенде алар затыңды «арасында шірігені жоқ па екен?» деп  тексеру үшін төңкерістіретін әдетіміз қалмаған, сірә. Әдетте біздегі сатушылардың қаптың, шелектің бетіне бүтінін, астына бүлінгенін «тығып қоятын» қулығы да бар еді ғой. Үйге келіп ыдысыңды төңкере бастағанда жарамсыздарын да сатып алғаныңды көріп, саныңды бір-ақ соғасың сонда. Сол үшін аларда тексеріп алатын дағды әбден сүйекке сіңіп, рефлексті түрде жүзеге асады. Кейде көкөністі «тіміскілеп жатқанын» жақтырмаған сатушыға «Мыналарың шіріп кеткен ғой?!» деген наразы кейпімізге  «Ұнамаса алмай-ақ қойшы!» деген сөз еститін кез де талай болған.  Байқасам, ағылшындар арасында дәл  осылай күдiктенiп, затты тексерiп-тергеп, аударыстырып жатқаны көрінбейді. Себеп, бұлардың дүкенiнде шiрiген картоп сатылмайды.  

Бір оқиға екіншісін еске түсіретіні бар. Заманында оқуда жүргенде Алматыдан Таразға автобуспен жиі қатынайтын ек. Туған жеріме дейінгі бес жүз шақырымдық жолды сегіз сағатқа жуық уақытта өткеретінбіз. Ұзақ жолды қысқарту үшін құлақты бітеп қойып не саз тыңдайсың не жол-жөнекей сатып алған асты талғажау етесің. Жолшыбай ермек таппай жатқан бір күні алма сата бастаған апай назарыма ұшырасты: «Құрты бар, алма аламыз ! Құрты бар алма !» деп автобус ішін азан-қазан етті қария. Отырғандар аң-таңбыз. Журналистік қызығушылығым ұстап, әжейді сөзге тарттым. «Қазіргі алмалардың құрттамағаны түрлі химикат қосылған. Көбіне Қытайдікі. Ал, құрты бары өз бақшамнан. Ол табиғи. Құрты бар деуімнің мәнісі сол» деген уәж айтты сатушы. Норвичтегі картоптың жайы бірден Алматыдағы осы оқиғаны есіме түсірді.

Жалпысында, Адамзат баласы жер-жаһанда халық саны ұлғайған сайын азық-түлік тапшылығын сезініп жатқаны туралы жиі айтылып, жазылып та жүр. Бұдан бір ғасыр бұрынғы кезеңмен салыстырғанда дүниежүзіндегі халық саны үш жарым есе өскенін интернеттегі санайғақ та дәлелдейді. Халық саны артып, құрғашылық алқымнан қысқан сайын ас-сумен қамтамасыз етудің мәселесі өзектілене беретіні заңды. Мұндай қысылтаяң жағдайда қысқа уақытта көп өнім беретін, өсімдікке тән түрлі аурудан ада, әрі құрғақшылыққа төзімді «генетикалық тұрғыда модификацияланған ағза» (GMO) негізіндегі азық-түліктің заманы келді. Яғни бұл, генотипі жасанды түрде гендік инженерияны пайдалана отырып өзгертілген өнім. Мұндай өнімнің еш құрты болмайды, әрі ол шірімей ұзаққа дейін сақталады.  Норвичте сатып алған картобымыз да GMO негізіндегі көкөніс екенін сонда білдік. Мамандар арасында оның зиянды-зиянсызы турасындағы қызу пікірталастар жүріп жатқанымен кесімді пікір әлі де жоқ. Солай бола тұра, қазір күллі әлемде GMO-тағамдардың нарқы қызған. Мәселен, алпауыт Америкада елдің азық-түлік өндірісінің 80% GMO-тағамдар құрайды дейді статистика. 1996 мен 2011 жылдар аралығында дүниежүзінде ГМО-егістік көлемі 87 есе өскен екен. Қазірдің өзінде әлемнің 30-дан аса мемлекеті гендік инженерияның өнімін өсіріп, асқа пайдаланып отыр.  GMO-өнімдерді өсіру Қазақстанда да қолға алына бастағаны белгілі. Оның маңыздылығы турасында Елбасымыз 2014 жылдың қаңтарындағы жолдауында да айтып кеткен екен:

«...Заманнан артта қалудың қажеті жоқ. Табиғи жолмен өсірілген өніммен бірге, гендік тұрғыда модификацияланған өнімдердің өндірісін жолға қою керек. Адам білмейтін нәрсесінен қорқа береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Гендік тұрғыда модификацияланған өнімдер бүкіл әлемге тарап жатыр. Бүгінгі қажеттілік осы».

Ұлыбританияны мысалдайтын болсақ, қазір де мұнда гендік инженерияны пайдаланған ас-тағамдарға көзқарас біркелкі болмағанымен, түзулене бастады. Корольдіктің ауылшаруашылығы саласы тұтас Еуропадағы аса дамығандардың бірі екені де белгілі. Табиғи әдіспен тағамдарға әбден үйреніп қалған аға буынға әлбетте гендік инженерияға иланудан қиналуы көп. Уақыт бәріне төреші ғой. Сауда желілері және ақпараттық құралдары азық-түлік өндірісінде жаңа технологияларды пайдалану бойынша насихат жұмыстарын қыздырып, адамзат жаңалығынан үрікпеуге үгіттеп жатыр. Еуропалық тұтынушылардың бойында бірте-бірте GMO негізіндегі азық-түлікке «төзімділік» қасиеті пайда бола бастады.

Әйтсе де, Ұлыбританияда GMO-тағамдар өндірісіне қарсылар да көпшілік. 2012 жылдың мамырында гендік тұрғыда модификацияланған өнімдер егілген алқапқа баса-көктеп кіріп, эксперименталды өсімдіктерді тамырымен жұлып, жоймақшы болған оқиға туралы ақпарат құралдары кезінде жазды. Журналистер сонда ол жанкештіге «экололог-экстремист» деп ат қойғаны да есте. Гендік инженирияға қарсы әлгі сабаз бұл наразылық акциясы үшін кейін сот алдында жауап берген. Эколог-экстремист оқыс әрекеті арқылы гендік тұрғыда өзгертілген көкөністерді ашық алқапқа егуді тоқтатуды талап етіпті. Кейбір биологтардың пікірінше бұл тиылмаса, мұның арты қауіпті эксперименталдық егістіктердің етек алуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін екен. GMO-өнімдерге қарсы уәждердің тағы бірі мұндай өсімдіктерді ас ретінде пайдалану бедеулікке және рак ауруларына душар етеді деген пікірде. Бұл атүсті ұстаным нақты дәлелсіз болғандықтан  пікір деңгейінен әрі аса алмай отырғаны тағы бар.                                    

Түйін. Әлбетте, біз де өз тарапымыздан GMO-өнімдердің пайдасы не зияны турасында терең мәлімет айтатындай маманы емеспіз. Біз тек журналистік бейтарап ұстанымды құп көреміз. Бір мойындайтыны, гендік тұрғыда модификацияланған ағза негізіндегі өнімдер бүгінде ғаламдық үрдіске айналды. Ендеше оның елімізде кең тарауы, өндірісінің жолға қойылуы да уақыттың еншісіндегі шаруа екені айтпаса да ұғынықты. Бұл салада қарсы пікірлердің болуы Елбасы айтқандай бір тараптан түсінбеушіліктен де болуы мүмкін. Мәселен, менің көзім шiрiген картопқа әбден үйренгенi соншалық, супермаркетке кiргенде бiрнәрсесiн жоғалтқандай, картоп салынған пакетке алақ-жұлақ қарайды да тұрады.

тақырыпты жалғастыруға «азық-түлік»