Көкшетауда көшелердің біріне Әлихан Бөкейханов есімі берілді
Наверх

Астана
USD 334.31
EUR 355.17
CNY 48.44
RUB 5.31


Көкшетауда көшелердің біріне Әлихан Бөкейханов есімі берілді

Ақмарал АЙҒАРА, 29 қараша 2016 ж 13:51 , Ақмола облысы
ФОТО: автор

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Көкшетаудағы 57 көшеге ұлттық атау берілді. 40 лет Октября көшесіне Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов есімі берілді. Ал, Мир көшесі – Ыбырай Алтынсарин есімімен аталатын болды. Бұл туралы қалалық ономастикалық комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.


Ономастикалық комиссия мүшелері талдау жүргізіп, топонимикалық маңызы жоқ көшелердің көп екенін анықтаған.

Үкімет тапсырмасымен ономастика саласындағы жұмыстарды жүйелендіру мақсатында биылғы жылға дейін көшелерге атау беру және қайта атау мәселелерін қарау уақытша тоқтатылған болатын. Ал биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде ономастика саласында бірқатар шаралар қолға алынуда.

Бұған дейін Көкшетау қаласы әкімдігінде бірқатар көшелерге ел мәдениеті, әдебиетіне зор үлес қосқан ақын-жазушылардың есімін беру жөніндегі ұсыныстар талқыланған қоғамдық тыңдау өткені белгілі. Онда атағы танымал тұлғалар есімімен тым шағын көшелерді атаудың қолайсыздығы ескеріліп, тұрғындар ұсынысымен басқа көшелерге беру де қаперге алынды. Жаңа құрылыстарға байланысты қаланың бас жобасынан түсіп қалғалы отырған шағын көшелерді ардақтылар есімімен атағаннан гөрі, қолайлы уақытты күтіп, орнықты көшелерге бекіткен жөн делінді.

Облыс орталығындағы Проезд 1, 2, 3 атаулары өз кезегінде Балбырауын, Айдын, Шұғыла болып өзгерді. Корчагин – Сығанақ, Симферепольский – Желтоқсан, Пригородный – Жібек жолы, Речная – Құлагер, Дзержинский – Конституция, Бережной – Жұмбақтас, Авангардная – Атамекен, Весенняя – Қазанат, Красногвардейский – Алаш болып өзгертілді. Көшелердің жаңа атаулары қалалық мәслихатта бекітілді.

Қаланың орталығы мен соның маңындағы көшелердің ғана атаулары жаңартылды. Шеткеректегі шағын аудандардағы көшелердің арасында әлі де орысша атау көп деген сын пікірлер айтылып жүргені жасырын емес.

«Кеңес заманы тұсында шектен тыс идеологияландыру саясаты негізінде аталған Октябрьский, Невский, Морозов, Первомай, Калинин, Красногвардейский және басқа да көшелер, сондай-ақ мән-мағынасы мен топонимикалық жүктемесі жоқ Речной, Полевой, Степной, Сосновый, Швейный секілді көшелерге ұлттық атау берілді. Жергілікті әкімдік таңдаған атаулар халыққа таныстырылып, тұрғындар пікірі тыңдалды. Қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындар келісімімен таңдалған көше атаулары бекітілді»,–дейді Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Еркін Исімбаев.


comments powered by HyperComments