Елордада «Жас Отан» жастар қанаты Тәуелсіздік құрдастарын марапаттады
Наверх

Астана
USD 334.31
EUR 355.17
CNY 48.44
RUB 5.31


Елордада «Жас Отан» жастар қанаты Тәуелсіздік құрдастарын марапаттады

Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ, 26 қараша 2016 ж 15:12 , Астана
ФОТО: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Жас Отан» жастар қанатының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 25 жұлдызды күндер «Ұла Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» жобасы аясында «Тәуелсіздік – тірегім!» атты Тәуелсіздік құрдастарын салтанатты қабылдауы өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.


«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономика саласында, мемлекеттік әлеуметтік және қоғамдық саяси өмірінде аса үлкен жетістіктерге жеткендігі туралы айтты.

Шара аясында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Рыспаев Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру процесіндегі реформалар жайлы сөз қозғап, қатысушыларға еліміздің дамуы үшін биік белестерді бағындыруды тіледі.

Кездесу қонағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, еліміздің саясаттағы және экономикадағы жетістіктері – тұрақтылық, төзімділік және ұлтаралық ынтымақтастық нәтижесі екендігін айтты.

Мұрат Әбенов шараға жиналған жас буынды еліміздің игілігі үшін ерінбей еңбек етуге шақырды. Оның айтуынша, жаспын демей, қоғамдық шараларға жиі атсалысу керек. Кез келген тұлға уақыттың құндылығын пайдаланып, дер кезінде еңбекке араласпаса, болашақта сұранысқа қажет маман бола алмайды. 17-21 жас аралығы – адами капиталдың өзін-өзі қалыптастыру кезеңі деп атады. Осы кезеңде студенттер тек сабақ оқып емес, түрлі салада қосымша жұмыс істегені жөн. Қоғамдық өмірге белсене араласу керек.

Салтанатты шарада 1991 жылы дүниеге келген, түрлі салада жетістікке жеткен танымал жас азаматтар бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.

Солардың бірі – Рауан Еспаев. Ол «Стелл» ЖШС-да еңбек етеді.

«Тәуелсіздік – бабалар мұра еткен баға жетпес байлық. Өзім онымен құрдас екенімді мақтан тұтамын. Ал, еңбек барысында отандық өнімді халыққа тарату, ел игілігіне жұмсаумен айналысамын. Болашақта еліміз тек өзіміз шығаратын өнімді тұтынғанын қалаймын», – деді ол.

Марапатқа ие болғандардың арасында «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы Серғазы Шақабаев та бар. Ол елордада Тәуелсіздіктің 1300 құрдасы «Нұр Отан» партиясына тіркелгендігін айтты.

«Мен де 25 жастамын. Жастармен тікелей жұмыс істегеннен кейін қаладағы жастар саясатының алға дамуына үлек қосып жүрмін. Елорда бойынша «Нұр Отан» партиясына мүше Тәуелсіздіктің 1300 құрдасы бар. Бүгін солардың ішінде үздіктері марапатталды. Олардың біреуі – мұғалім, екіншісі – технолог, тағы біреуі – дәрігер, әлеуметтанушы, журналист тағы да жалғасып кете береді», –  деді С. Шақабаев.

Ал, Дүйсенбина Айнагүл ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде жұмыс істейді.

«Тәуелсіздік – еліміздің тірегі. Ол мәңгі болуы үшін кім қай салада еңбек етсе де, өз саласының жетістікке жетіп, халыққа пайда әкелетіндей етіп еңбектену керек. Мысалы, мен денсаулық саласының жақсаруы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жоғарылауы үшін қызмет етемін. Өз Отаныма кішкене де болса пайдам тигенін қалаймын. 25 жыл ішінде көп белесті бағындырдық. Енді алдағы уақытта да патриотизм күшейіп, еліміз экономикалық тұрғыдан дамып, өзімізді  өзіміз қамтамасыз ететін жағдайға жетсе деп тілеймін», – деді ол.

Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығындағы негізгі жетістіктердің бірі – азаматтық қоғам тақырыбына арналды және оған белгілі қоғам қайраткерлері, Астана қаласының Тәуелсіздік құрдастары және белсенді жастар қатысты.


comments powered by HyperComments