Қазақстан Орта Азияның көшбасшысы атануға құқығы бар мемлекет екенін дәлелдеді – Қ.Сұлтанов
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Қазақстан Орта Азияның көшбасшысы атануға құқығы бар мемлекет екенін дәлелдеді – Қ.Сұлтанов

23 қараша 2016 ж 12:11 , Астана
ФОТО: Bnews.kz мұрағаты

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясының жобасын таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz.


«ҚР Парламенті Тәуелсіздікті халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, тәуелсіз Қазақстан құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын берік ұстанды. «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, Мәңгілік ел қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын» қабылдағалы отырмыз», – деді депутат.

Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанов қазақ елінің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталды.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойы – өз тарихымызда тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихы мен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар мемлекет екендігін дәлелдеді. Өз тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірыңғай, бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және экономикалық салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты», – деді Қ.Сұлтанов.

Сондай-ақ, халық қалаулысы мемлекетіміздің мұндай толағай табысқа жетуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен халықтың еңбегі екендігін ерекше атап өтті.

«Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президенттің саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз «Қазақстан- 2050» стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басты. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз халықаралық аренада зор беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Тәуелсіздік декларациясы қаралып жатыр. Маңызды жиынға жалпы 104 депутат, ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық кеңес, ҚР Жоғарғы сотының төрағалары, Үкімет мүшелері қатысуда.


comments powered by HyperComments