Әлем Қазақстанның халықаралық саясаттағы рөлiн мойындады – Дума төрағасының орынбасары
Наверх

Астана
USD 334.48
EUR 355.62
CNY 48.58
RUB 5.25


Әлем Қазақстанның халықаралық саясаттағы рөлiн мойындады – Дума төрағасының орынбасары

28 қараша 2016 ж 12:55 , Астана
ФОТО: Бауыржан Жуасбаев

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференциясы барысында Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы мемлекеттiк думасы төрағасының орынбасары Владимир Васильев әлемдiк қауымдастық Қазақстанның халықаралық саясаттағы рөлiн мойындап отырғанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz.


«Бүгiнгi форумда сөз берiлгенiне қуаныштымын. Бойымда қазақтың қаны бар азамат ретiнде қазiр ерекше сезiмдемiн», дедi сөз басында В.Васильев.

Оның атап өтуiнше, Қазақстан мен Ресейдi көп ғасырлық ортақ тарих байланыстырады.

«Бiз тату көршiмiз. Экономикалық және әлеуметтiк даму бойынша ауқымды мақсат-мiндеттердi бiрлесе шешiп келемiз. Бiрге кез келген қиындықты жеңiп отырмыз. Бiздiң қарым-қатынасымыз стратегиялық ынтымақтастық мәнге ие болды. Бiздiң президенттер тығыз қарым-қатынас жасайды. Үкiметтер мен парламенттердiң байланысы да нығайып келедi. Қазақстан мен Ресей арасында 2014 жылы жиырмасыншы ғасырдағы тату көршiлiк және ынтымақтастық туралы келiсiм жасалып, екi ел арасындағы серiктестiк жаңа деңгейге көтерiлдi», дедi ол.

Мемлекеттiк дума өкiлiнiң сөзiнше, 25 жыл iшiнде Қазақстан белсендi түрде қазiргi заманғы жаһандық мәселелер, өңiрлiк қауiпсiздiк және посткеңестiк кеңiстiктегi түйткiлдерге қатысты батыл бастамалар көтердi. Оның айтуынша, Қазақстанды БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiне тұрақсыз мүше ретiнде сайлау арқылы әлемдiк қауымдастық оның халықаралық саясаттағы рөлiн мойындады.

«Қазақстан мен Ресей әлемдiк және өңiрлiк аренада бiр-бiрiн қолдайды. Бұл бiзге халқымыздың мүдделерi үшiн өзектi мәселелердi тиiмдiрек шешуге мүмкiндiк бередi. Бұған ауқымды интеграциялық жоба – Еуразиялық экономикалық одақ мысал бола алады. Бұл құрылымның бастамашысы – Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев», деді ол.

Қазiргi уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кедендiк кодексiнiң жобасын әзiрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. 16 қарашада кодекс жобасы еуразиялық үкiметаралық кеңесте бекiтiлiп, мемлекеттiк iшкi рәсiмдерден өткiзуге жiберiлген. В.Васильевтiң атап өтуiнше, кодекске мемлекет басшылары биылғы жылдың желтоқсанында қол қояды деп жоспарланған.

Айта кетейiк. Астанада ҚР Парламенті Мәжілісі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күні, сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференция өтiп жатыр.


comments powered by HyperComments