С.Батыршаұлы: 1991 жылы Елбасының көрегендігінің арқасында үлкен соғыстан аман қалдық
Наверх

Астана
USD 334.89
EUR 361.61
CNY 48.7
RUB 5.28


С.Батыршаұлы: 1991 жылы Елбасының көрегендігінің арқасында үлкен соғыстан аман қалдық

Айымгүл Әбілева, 28 қараша 2016 ж 19:00
ФОТО: Baq.kz

Мемлекеттің қалыптасып, дамуында сыртқы саясат маңызды рөл атқарады. Ал қазақ дипломатиясының тамыры ғасырлар тереңінен бастау алатыны белгілі. Тәуелсіздік жылдары сыртқы саясат мүлдем жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық аренадағы еліміздің беделі мен халқымыздың абыройын көтеруде елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан халықаралық істерге батыл араласып жүр. Қазақ дипломатиясының тарихы мен сыртқы саясаттың тәуелсіздік жылдарындағы аяқ алысы жөнінде ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сайлау Батыршаұлымен сұхбаттастық.


Қазақ даласындағы дипломатиялық дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалуға бабаларымыздың сарабдал саясаты сеп болғаны даусыз. Сайлау Батыршаұлының айтуынша, байтақ жерімізді найзаның ұшы, білектің күшімен ғана емес, ел билеушілерінiң сыртқы саясатының парасаттылығымен де қорғап қалдық.

«Көршілеріміз мықты болды, оларды білектің күшімен, найзаның ұшымен жеңе алмаймыз. Сондықтан хандарымыз дипломатия жүргізген. Біреумен келіссөздер жасаса, енді біреуімен сауда жасайды, мынамен қыз алысып, қыз беріседі. Батырларымыздың әйелдері жоңғардың қыздары болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан найзаның ұшымен, білектің күшімен және хандарымыздың мықты сыртқы саясатымен жерімізді қорғап қалдық деп айтқан дұрыс болады», - дейді С.Батыршаұлы.

Профессор сыртқы саясатымыздың тарихын қазақ хандығынан бастаған дұрыс деп есептейді. Ал хандарымыздың дипломатияға жүгінгенін дәлелдейтін құжаттар Абылай ханның тұсынан көп табылып отыр. Абылайдың Қытай билеушілерімен алмасқан хаттары сол кездегі халықаралық қарым-қатынастан біраз мағлұмат береді.

Ал кеңестік дәуірде еліміздің дербес сыртқы саясатын айқындаған тұжырымдамасы, шетелдерде дипломатиялық мекемелері болмағанымен, Қазақ КСР-інде Сыртқы істер министрлігі жұмыс істеді. Әрине, оның өкілеттігі шектеулі болды. Десек те, алпысыншы жылдары министрлікте қызмет еткен Сайлау Батыршаұлы кеңестік кезеңде дипломатияның аясы тар болғанымен, мемлекетке көмегi тигенiн айтады.

«Одақтас республикаларда сыртқы істер министрлігі 1944 жылы құрылды. Жалпы сыртқы саясатты КСРО Сыртқы істер министрлігі жүргізді. Ал одақтас республикалар өзіне берілген функцияларды орындап отырды. Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарды. Министрлік елде тұрып жатқан шетел азаматтарымен жұмыс істеді. Консулдық қызметтерді толық атқарды. Сондай-ақ Қытай, Моңғолия секілді елдермен сауда қарым-қатынасы жасалды. Шетелдік делегацияларды күтіп алдық. Үндістан премьер-министрі, Индонезия президенті, Иранның шахы да бізде болды. Бұдан бөлек, қазақтар БҰҰ-ға кеңес одағы делегациясының құрамында қатысты», - деп әңгімеледі дипломат.

Сайлау Батыршаұлы тәуелсіздік алар тұста 1990 жылғы тарихи оқиғаға куә болады. Осы жылы одақтас республикалар мемлекеттік егемендік туралы декларациялар қабылдай бастайды. Қазақ КСР-і декларацияны 25 қазанда жариялайды. Бұл құжатта Қазақстан өзін «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп айқындады. Осылайша, еліміз өз дамуының дербес жолына түсті. Осы оқиғаға орай профессор мына бір жайтты атап көрсетудің зор маңызын айтады:

«Дербестік алуымызға Ресей Федарциясы үлкен үлес қосты. Ресей Федерациясы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Борис Ельцин 1990 жылы 12 маусымда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Сөйтіп, Кремльде отырған Горбачевке бағынбай кетті. Осы кезде Мәскеуде екі билік болды. Ельцин одақтас республикалардың егемендік алуын қолдады. Сондықтан «Қазақ дипломатиясының дамуы» кітабымда Ельцинге барлық одақтас республикалардың тәуелсіздік үшін рахмет айтуы қажеттігін жаздым. Шынында, сол уақытта Ельцин көнбей, қайтадан Кеңес одағын құрып, республикаларды жібермеймін десе, Мәскеудің әскері ешкімді тырп еткізбейтін еді».

Сайлау Батыршаұлы 1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің орынбасары болып қызмет етеді. Осы уақытта ол Мәскеуде одақтас республикалардың сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен маңызды жиынға қатысады. Осы басқосуда дипломаттар сыртқы саясатта толықтай дербестікті талап еткен. Кейін Мәскеуге хабарламай, 15 одақтас республиканың сыртқы істер министрлері тағы да жиналып, халықаралық қарым-қатынастағы тәуелсіздік мәселесін көтереді. «Бұл кеңес одағын ыдыратудың бір жолы еді», - деп еске алады Сайлау Батыршаұлы.

Сонымен, кеңес одағы ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1991 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан Президенті 11 елдің басшысын Алматыда жинайды. Олар Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру туралы хаттамаға қол қояды. Бұл тарихи айтулы оқиға болды. Сайлау Батыршаұлының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев осы жерде көрегенділік танытып, үлкен соғысқа жол бермедi.

«Бұрынғы одақтас республикалар мемлекеттік шекара туралы, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, адами байланыстарды әрі қарай дамыту жөнінде келісті. Визасыз жүретін болдық. Бұл үлкен іс болды. Осылайша, Қазақстан тыныш қана, бейбіт түрде империяны таратуға ықпал етті. Тарихтан білетініміздей, алып империялар ыдыраған уақытта билікке, шекараға, байлыққа таласып, жылдар бойы соғысты. Бір қырғын басталса оның аяқталуы қиын. Бұл біздің Президенттің көрегенділігі болды. Осы туралы Ресей де, басқа мемлекеттер де айта қоймайды. Бірақ, шын мәнінде бұл жерде Қазақстан Президентінің еңбегі зор болды. Үлкен соғыс болған жоқ. Арасында армяндар мен әзербайжандар, орыстар мен грузиндер соғысып қалды. Бірақ үлкен соғыстан аман қалдық. Бұл үлкен жетістік», - дейді профессор.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін маңызды міндеттердің бірі жаңа еңсе көтерген еліміздің сыртқы саясатын жолға қою болды. Өйткені егемен ел ретінде қалыптасып, даму үшін дипломатия өте маңызды рөл атқаратыны белгілі. Ең алдымен, біздің Тәуелсіздігімізді әлем мемлекеттері мойындауы керек. Қазақстанның егемендігін ең бірінші болып Түркияның мойындағаны мәлім. Осыған Сайлау Батыршаұлы тікелей атсалысқан екен. Мұның қалай болғанын дипломат былай әңгімелейді:

«Тәуелсіздік алмай тұрып 1991 жылы Қазақстан Президентін Сенегалдың астанасы Дакар қаласында өтетін Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуіне шақырды. Мемлекет басшысы бара алмағандықтан, Қазақстан атынан қатысуды маған тапсырды. Тәуелсіздігін бізден бұрын жариялаған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан қатысудан бас тартқан еді. Осы сапар барысында арнайы шақыру бойынша Түркия президенті Тұрғыт Озалдың қабылдауында болдым. Менімен бірге Әзербайжан делегациясы қатысты. «Қазақстан КСРО-дан қашан шығады?» деп сұрады Түркия басшысы. «Біздің жағдайымыз басқа республикалармен салыстырғанда ерекше. Елде басқа көптеген ұлт өкілдері тұрады. Жағдайымызға орай тәуелсіздігімізді жариялауға дайындалып отырмыз», - дедім. Тұрғыт Озал Түркия сыртқы істер министрі Четинді шақырып алып, «Қазақстанның Тәуелсіздігін Түркия ең бірінші болып мойындап, құттықтауы керек» - деп тапсырма берді. 16 желтоқсанда кешке тәуелсіздік жарияладық. Бір сағаттан кейін Анкарадан «Түркия Қазақстан тәуелсіздігін мойындайды, мемлекеттік қарым-қатынас орнатуға даяр» деген жеделхат келіп түсті».

Сөйтіп, бір айдың ішінде біздің тәуелсіздігімізді 50-ден астам мемлекет, бір жылдың ішінде 100-ден аса ел мойындаған. Бұл дипломаттардың атқарған үлкен жұмысы. Қазақстан дипломатиясы өз қалыптасуының алғашқы кезеңін 1991-1992 жылдары бастан өткерді. Тәуелсіз елдің сыртқы саяси ведомствосын қайта құру Президенттің тікелей басшылығымен жүргізілді. Бұл кезеңде республиканың кәсіби дипломатиясын жасақтау мәселесі өткір тұрды. Ең қиыны Қазақстанда дипломаттар даярлайтын бірде-бір мамандандырылған оқу орнының жоқтығы еді. Ал КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, шетелдік миссияларында жұмыс істеген қазақстандық дипломаттардың елге оралуы кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесті.

«Мәскеуде қызмет еткен дипломаттарды шақырттық. Олардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев, Ибрагим Аманғалиев, Қайыр Омаров, Вячеслав Ғизатов тәрізді кәсіби дипломаттар бар. Олардың тәжірибесі мол, шетелде істеген. Дипломатияны дамытуға Мәскеуде істеген кадрлық дипломаттардың жәрдемі көп болды», - дейді С.Батыршаұлы.

Тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында шетелде Қазақстанның 17 елшілігі ашылды. Кәсіби дипломаттардың тапшылығынан елшілік жұмысқа түрлі қызметтерде мейлiнше ысылған, көпшілікке белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар жіберілген. Мәселен, Мәдениет министрі Қанат Саудабаев Түркияға, Экономика министрі Тілеухан Қабдірахманов Францияға, Талдықорған облысының әкімі Сағымбай Тұрсынов Германияға, ақын Мұхтар Шаханов Қырғызстанға, мемлекет қайреткері Мырзатай Жолдасбеков Иранға, ғалым Мұрат Әуезов Қытайға, ғалым Мұхамеджан Исаев Үндістанға, Ибрагим Аманғалиев Әзірбайжанға, Болатхан Тайжан Египетке, Сәлім Құрманғожин Венгрияға, ал Сайлау Батыршаұлы Өзбекстанға елші болып кетті. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшілерінің қатарында тек соңғы төртеуі ғана арнайы дипломатиялық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандар еді.

Алғашқы жылдары әлемдік қауымдастық тәуелсіз Қазақстанды Президенттің және үкімет делегацияларының шет елдерге ресми сапарлары кезінде танып білді. 1991-1992 жылдары Қазақстан Президенті әлемнің 19 еліне ресми сапар жасап, халықаралық 11 басқосуға қатысқан.

«Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың барлық елдерімен достық және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін барша әлемге паш етіп отыр. Мемлекет басшысының батыл бастамаларының арқасында тәуелсіз еліміздің мерейі мен беделі үстем болды. Қазақстан бүгінгі таңда жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдады. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын ілгерілетіп жатырмыз. Халықаралық аренадағы соңғы жетістігіміз ретінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі болып сайлануын атап өтуге болады», - дейді Сайлау Батыршаұлы.

2009 жылы 2 шiлде Қазақстанда дипломатиялық қызмет күнi бекiтiлдi. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған: дәл осы күні 1992 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрігі туралы», «Қазақстан Республикасының Елшілігі туралы» және «ҚР Өкілетті және төтенше елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіткен едi. Дипломаттардың кәсiби мерекесiн бекiтуге де Сайлау Батыршаұлы тiкелей араласқан.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелде біраз жылдар жұмыс атқарып, қайтып келсем, дипломаттардың кәсіби мерекесі әлi жоқ. Бұл мәселені сол кездегi Сыртқы iстер министрi Марат Тәжинге айттым. Абылай ханның Қытаймен хат алмасқанын дәлелдейтiн құжаттар бар. Мен осыдан бастауды ұсындым. Бiрақ ресми дата 2 шiлде болып бекiтiлiп кеттi», - дейдi профессор.

Түптеп келгенде, 25 жыл iшiнде әлемдік аренадағы беделімізді нығайтып, халықаралық қоғамдастықта ұлттық мүддемізді қорғай алатындай деңгейге жеттiк. Бiрақ мұнымен тоқтап қалуға әсте болмайды. Сайлау Батыршаұлы ендiгi жерде осы қастерлi де қасиеттi Тәуелсiздiгiмiздi сақтап қалу, оны баянды ету, мәңгi ету үшiн аянбай күресу қажет деген сенiмде.

«Бүгiнгi әлемдегi жағдайларды ескере отырып, бiз шекарамызды бекiтуiмiз керек, қарулы күштерiмiздi нығайтып, бiрлiгiмiздi бекемдеуiмiз қажет. Тәуелсiздiгiмiздi сақтай бiлу, мемлекет үшiн күресе бiлу керек. Нұрсұлтан Назарбаев былай дедi: «Тәуелсiздiк алу оңай болған жоқ, ал тәуелсiз мемлекеттi құру одан да қиын болады». Мұның бәрi қазiр қазақ халқының, Қазақстан азаматтарының мойнына түсiп отыр. Осыны еш уақытта ұмытпауға тиiспiз», - деп әңгiмесiн түйiндедi Сайлау Батыршаұлы.


comments powered by HyperComments