Н.Нығматулин: Мәжіліс терроризмге қарсы заңнамаларды күшейтеді

Н.Нығматулин: Мәжіліс терроризмге қарсы заңнамаларды күшейтеді

19 мамыр, 14:41 408 Астана
Н.Нығматулин: Мәжіліс терроризмге қарсы заңнамаларды күшейтеді

Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақтөбе қаласында Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған көшпелі отырыс жұмысына қатысты, деп хабарлайды BNews.kz.  

Шара «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын-алуды күшейту, сондай-ақ, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар» тақырыбына арналды.

Көшпелі отырыстың ашылуында сөз алған Мәжіліс төрағасы бейбітшілікті қорғау, тыныштықты сақтау және татулықты күшейту бабаларымыздан келе жатқан қасиетті жол екенін, Елбасымыз Н.Назарбаев құрған тәуелсіз Қазақстанымыздың ең басты мұраты да осы екенін алға тарта келіп, тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде қауіпсіздікті нығайту жолында атқарылып келе жатқан шараларға тоқталды. Әсіресе, заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Атап айтар болсақ, елімізде «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңы қабылданды, өткен жылы тікелей терроризм мен экстремизм сұрақтарына қатысты заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізілді. Оған Парламент депутаттарымен қатар, тиісті орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен Мәжіліске кірмеген барлық партияның мүшелері, журналистер және елімізге белгілі саясаткерлер мен сарапшылар қатысып, қоғамдық ортада кеңінен талқыланды. Нәтижесінде қазақстандықтардың құқығын, қауіпсіздігін қорғауға бағытталған сапалы заң қабылданды.

Сонымен бірге, Қазақстанда терроризммен күрес жөніндегі арнайы комиссиялар да бар. Басқа да мемлекеттік деңгейде үлкен шаралар қолға алынды. Н. Нығматулин атап өткендей, соның нәтижесінде біздің еліміз көптеген конфессиялар мен ұлттардың бейбіт орталығына айналды. Бірақ та, «жаман айтпай – жақсы жоқ», қазіргі уақыт өте сақ болуды талап етеді.

«Осыған орай Елбасымыз өзінің Жолдауында терроризм менэкстремизмнің жолын кесу үшін нақты тапсырмалар берді. Ендігі әрекетіміз - тыныш өмірді бұзатын ұйымдарға қарсы күресті күшейтуіміз қажет. Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында және интернетте діни экстремизмнің алдын-алу жұмыстарын жүргізіп, халықтың ішінде, жастар арасында ел тыныштығын қорғау, одан әрі дамыту жолында тәрбие жұмыстарын қолға алуымыз керек. Бұл ретте Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының маңызы өте зор», - деді Мәжіліс спикері.

Көшпелі отырысқа Үкімет, Бас Прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер мүшелері, теологтар мен сарапшылар қатысты. 

тақырыпты жалғастыруға «Мәжіліс»