Н.Нығматулин:«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» Қазақстанның өзге өңірлерінде де жүзеге асырылуы тиіс

Н.Нығматулин:«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» Қазақстанның өзге өңірлерінде де жүзеге асырылуы тиіс

19 мамыр, 19:53 463 Ақтөбе облысы
Н.Нығматулин:«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» Қазақстанның өзге өңірлерінде де жүзеге асырылуы тиіс

Ақтөбеде Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулиннің қатысуымен  өткен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысында терроризм мен діни экстримизмнің алдын алу және ескертуді күшейту мәселелері, сонымен қатар, осы саладағы заңнамаларды жетілдіру шаралары талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz

Отырыс жұмысына Мәжіліс төрағасы Н. Нығматуллин, Мәжіліс депутаттары, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, осы іске мүдделі өзге де министрліктер мен ведомстволардың басшылықтары, облыстағы жергілікті атқарушы билік басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам, діни бірлестіктердің өкілдері, теологтар мен сарапшылар қатысты.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәселекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етуді ішкі саясат саласындағы алдағы жылдардың негізгі тапсырмасы ретінде атап өтті,-деді Нұрлан Нығматулин.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталмыш отырыстың мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін өзекті болып табылатын экстремизм және терроризмға қарсы күрес мәселелерін шешу үшін түрткі болатынын жеткізді. Ол сонымен қатар, облыстағы қоғамдық-саяси және діни жағдайдық тұрақты екенін атап өтті. Өңірде экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет желісі бойынша мақсатты және кешенді жұмыстар жалғасуда.

2016 жылы қазанда Елбасының тапсырмасымен облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша республикалық десант жұмыс жасады, соның аясында 145 мыңнан астам адамды қамтыған 2500 іс-шара жүргізілді, 6600 ақтөбелік нақты көмек алды.

Өңір басшысының тапсырмасымен сегіз бағыт бойынша жоба 2016 жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында және 2017 жылдың сәуір айына дейін жалғасты. Жұмыс тобының құрамына білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, белгілі кәсіпкерлер, теологтар мен имамдардан құралған 130 адам қатысты. 170 адамды қамтыған 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді, облыстың 6 мың тұрғыны нақты көмек алды.

Сонымен 115 жұмыссыз еңбекпен қамтылып, 40 хирургиялық операция жасалды, 500 адам ем алды, 100 бизнес жобаға 1 млрд. 134 млн. теңге көлемінде қаражат берілді. Әлеуметтік желілердегі 716 экстремистік материалға шектеу қойылды немесе көзі жойылды.

Осы бағыттағы жүргізілген белсенді іс-шаралар нәтижесінде тіркелген қылмыстар саны 35,5%-ға дейін төмендеді. Құқық қорғау органдарымен шілдедегі оқиғалардан кейін бір жылдың ішінде «салафизм» ағымының 64 жақтаушысы ұсталып, барлығы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

«Өздеріңіз білетіндей, өңіріміздің басты проблемаларының бірі - деструктивті діни ағым. Осыған байланысты біз барлық дін ұстанушыға тексеріс жүргізіп, деструктивті діни ағым жақтаушыларын есепке алудың бірыңғай базасын құрдық. Әрбір салафит біздің арнайы есебімізде, оның «әлеуметтік төлқұжаты» жасалған, бізге оның қайда жұмыс істейтіні, немен айналысатыны, оның табысы, араласатын ортасы және т.б. мәлім. Әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі»,-деді облыс әкімі.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы туралы сөз етерде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған тәжірибені Қазақстанның өзге де өңірлерінде тарату қажеттігін атап өтті.

«Жалпы Бас прокурор басшылық еткен 230 маманнан құралған ведомствоаралық топпен халыққа тек әлеуметтік, медициналық, құқықтық, кеңес беру және өзге де көмектер көрсетіліп қойған жоқ, сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан жинақталған тәжірибелер жүйеленіп, қауіп-қатер топтары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Сонымен, бүгін Ақтөбе облысында орталық және жергілікті биліктің бірлескен профилактикалық жұмыстарының тиімді механизмі мақұлданды. Және бұл тәжірибе, әрине, еліміздің өзге де барлық өңірлерінде қолданылуы тиіс»,-деді Н.Нығматулин.

Б. Сапарбаев сондай-ақ, бірқатар аудандарда имамдарды қолдау, кадрлік жетіспеушілікті шешу шараларының қолданылып жатқандығын жеткізді. Бұл сауалда жергілікті билік «Нұр-Мүбәрәк» және Ресейлік ислам институтының ақтөбелік түлектерін тартуды жоспарлауда.

Бұдан өзге, мамандандырылған қару-жарақ дүкендерінде облыстық ІІД-нің орталық жедел басқару пультіне жалғанған бейне бақылаудың жоғары технологиялық камералары мен жедел белгі беру тетігі орнатылған, операторлар тәулік бойы нысандарды бақылап отырады.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен облыстық ІІД-нің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қосымша 3,5 млрд. теңге бөлінді.

Б. Сапарбаев аталмыш өзекті мәселені шешуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстар айтты.

Оның ойынша дәстүрлі емес діни ағымға ресми тиым салу мәселесін, соның ішінде ҚР Конституциясының нормаларына қарсы келетін салафизмді заңнама деңгейінде қарастырып, тиым салынған діни әдебиеттер тізілімін жаңартып, оны қолданыстан алып тастау, діни әдебиеттер мен өзге де діни тұрғыдағы заттарды сату орындарын білім мекемелерінен барынша алшақтату қажет.

Облыс әкімі әйелдер теологын дайындау мүмкіндігін қарастыруды жөн деп санайды. Өйткені бүгінде дәстүрлі емес дін ағымын ұстанушылардың 35%-ы әйелдер.

Қазақстандықтардың шетелдік рухани теологиялық орталықтарға шығуын бақылауды күшейту, діни киім-кешек элементтері мен бірыңғай мектеп формасындағы атрибуттардың қолданылуына тиым салу да күн тәртібінде.

Сондай-ақ, отырыс кезінде министрлік өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Көшпелі отырысты қорытындылаған Н. Нығматулин талқылау кезінде айтылған барлық сыни ескертулер мен ұсыныстардың Үкімет пен мемлекеттік органдарға діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі жұмыстарды жетілдіру бойынша кеңестерде көрініс табатынын атап өтті. Мәжіліс төрағасы сондай-ақ, облыс әкіміне отырысты ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, өңірдің әрі қарай өркендеуіне тілегін білдірді.

«Бүгін біз өңірдің серпінді дамып келе жатқанын көрдік, бүгінде Ақтөбе облысы көптеген бағыттарда көш бастап тұр. Бердібек Мәшбекұлы, сізге, Ақтөбе облысының барлық тұрғынына жемісті еңбек тілейміз»,-деді Мәжіліс төрағасы.

тақырыпты жалғастыруға «Н.Нығматулин»