Ақтөбеде 320 орынды балабақша пайдалануға берілді
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Ақтөбеде 320 орынды балабақша пайдалануға берілді

ФОТО: автордікі

Бүгін ақтөбеліктер баспаналы болған Батыс-2 ауданында 320 орынды балабақша ашылды. Мұнда балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Халықаралық талапқа сай салынған балабақшада бассейн, мәжіліс залы бар. Жатын орындары мен ойын алаңдары балаларға шақталып жасалған. Әлеуметтік нысан ақтөбелік кәсіпкердің 800 миллион теңге жеке қаржысына тұрғызылды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Екі қабатты «Нектар» балабақшасы – жеке мекеме. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, әлеуметтік нысандарды салып, мемлекетке көмектесіп жүрген кәсіпкерлерге алғысын айтты.

«Балаларды балабақшамен қамтуда тек мемлекеттің емес, кәсіпкерлердің де мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Әрі мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде әлеуметтік нысандар салу жұмысы жақсы іске асып жатыр. Соның айғағы  жаңа «Нектар» балабақшасы. Кәсіпкер балаларға қуаныш сыйлау үшін 800 миллион теңге жұмсады. Бақша халықаралық талапқа сай салынған, өте жақсы»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жаңа балабақшаның іші кең де жайлы. Мұнда 320 бала тәрбие алады. Балаларға арналған ойын бөлмесі жаңа қуыршақтарға толы. Жатын бөлмедегі жиһаздар да мектепке дейінгі мекеме балаларының бойы мен жасына шақталған. Мұнда бассейн бар. Асханаға қажетті техникалар мен құрал-жабдықтың бәрі Германиядан әкелінген. Безендірілуі ерекше. Мұның бәрі балаларға ғана емес, ата-аналарға да ұнады.

«Бұл Батыс-2 ауданында ашылған екінші балабақша. Жаңа аудан болған соң әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары. Балам осы балабақшаға орналасты. Өте жақсы. Ішін аралап көріп үш тілде білім, тәрбие беретін балабақша жұмысына риза болдым»,- деді ата-ана Гүлжан Шынтасова.

Биыл қалада 50-ден астам жеке балабақша ашылды. Қазіргі уақытта балабақшаға барып жүрген балалардың 28 пайызы жеке меншік-мемлекеттік серіктестік негізінде салынып, пайдалануға берілген мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленіп жатыр екен. Жергілікті әкімдік алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырмақ ниетте.

«Жыл сайын Ақтөбе қаласының білім бөлімінде кезекте тұрған 300 баланы жеке балабақшаға орналастыру жоспары бар. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер бұл істі қолға алып, түрлі ұсыныстар түсіріп жатыр»,- дейді қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжанат Сисенбина.

Айта кетейік, жыл өткен сайын балабақша саны артқанымен, кезекте тұрғандар қатары азайған емес. Қазір қалада 31 мыңға жуық бала өз кезегін күтіп отыр.


comments powered by HyperComments