Ақтөбелік қария 300 «Барби» қуыршағын киіндірді (ФОТО)
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары

Астана
USD 326.88
EUR 364.9
CNY 47.85
RUB 5.47

Эксклюзив

Ақтөбелік қария 300 «Барби» қуыршағын киіндірді (ФОТО)

ФОТО: автордікі

Ақтөбелік қария Клара Қадырберлиева 300 «Барби» қуыршағын киіндірді. Кішкентайының бойы 30 см, ал үлкені 1 метр болатын қуыршақтарды сатып алуға ол 500 мың теңгеден астам қаржысын жұмсаған. Арада 13 жыл өткенде үлкен көрме ұйымдастырып, кейін «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


«Тоқуды маған ешкім үйретпеді. Тек қызым ілмек ілуді көрсетті, ал мен сол кезде қуыршақтарды киіндіруді бастап кеттім. Бұл 2003 жыл болатын. Содан бері 300-ден астам қуыршақты өзім сатып алып, жіп пен ілмекті серік еттім. Кейбірі сыйға берілді. Қазір қолымда 290 қуыршақ болуы керек. Кішкентайының бойы – 30 сантиметр, ал үлкені 1 метр болады»,- дейді Клара Құспанқызы.

Зейнетке шыққан соң бос уақыты артып, жұмыс азая түсті. Көгілдір экран мезі еткен сәтте қолына ілмек алған ол алдымен қалың көк жіптен киім-кешек тоқиды. Қазір қуыршақтары арасында тік жағалы костюм, қалыңдық көйлегі мен сырт киімді «бикештер» бар. Клара әже бүгінгі сәнді айна-қатесіз көшіріп алған жоқ. Өз қолтаңбасы, ерекшелігі бар.

«Қол еңбегін, ой еңбегін бағалайтындар тым аз. Көрмеге қойсам құнын 500 теңгеге бағалайды. Бұл тым арзан ғой. Тіпті, өзіндік құнын өтемейді. Әрі адамның қолынан шыққан туындының дәріптеп, оған құрметпен қарайтындардың қатары сирек. Бірақ менің ойым асқақ, мақсатым биік. Әлемнің әр түкпірінен келіп, елімізбен танысуға аяқ басатын шетелдіктерге қуыршақтарды көрсетіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатыссам деймін. Әсіресе, қазақ қыздары мен жігіттерінің ұлттық киім үлгілерін көрсетуді жоспарлап жүрмін»,- дейді ол.

Бірақ оған барар жол мен қатысушыларға қойылатын талап жайын білмейді. Әзірге қуыршақтар қорын толықтырып, шашы мен көзі қара, қазақ қызына ұқсайтындарын таңдап, қос етек көйлек, камзол, үкілі бас киім кигізуді қолға алды.  

Клара Қадырберлиева ұзақ жылдар бойы теміржолда еңбек еткен. Соғыстың ызғары мен қиындығы балалық шағына дөп келіп, қолына қуыршақ ұстамады, сәби боп асыр сап ойнамады. Қазір әр ай сайын базарға барып, зейнетақысының бір бөлігіне қуыршақ пен түрлі-түсті жіп сатып алады.

«Қазір қуыршақтың бағасы өсті. «Барбилер» 35 теңге болушы еді, кейін 50-70 теңгеге жетті. Ал енді 500 теңгеден арзанын таппаймыз. Ал үлкені 3-5 мың теңгеден әрі асады. Бірақ қуыршаққа ақшам зая кетті деп есептеген емеспін, сатқым келмейді»,- дейді ол.

Дүкен сөресіндегі Қытайдан келген көп ойыншықтың киім-кешегі ырым-жырым, әлсіз келеді. Клара әже тоқыған киімнен соң ойыншықтар қайта түлеп, жаңарады. Ілмекті серік екен қария болса қуыршақтың бет-бейнесіне, көз қарашығына сәйкес келетін киім үлгісін тоқуды әдетке айналдырған. Мәселен, ұяң, жүзі мұңды қуыршақты өз «ақ боз атты» сүйіктісін күтіп тұрған қалыңдық қып киіндірді. Екіншісі көзқарасы тік, ашық жүзді болған соң кәсіпкер әйел болды. Ол қуыршаққа киім тоқумен қатар түрлі шаш үлгісін жасап, қалпақ кигізеді. Киімдерді моншақпен әсемдеп, тоқылған гүлмен, сөмкемен көркемдейді.

«Шын мәнінде кейбіреулері мені түсінуден қалды. Неліктен осы іспен шұғылданамын, неге бұйымдарды сатпаймын? Бірақ менің бұл сұрақтарға жауабым жоқ. Ілмекпен қуыршаққа киім тоқу қатты ұнайды»,- дейді Клара Қадырберлиева.

Қолына ілмек алып, жіппен киім тоқуды әдетке айналдырған ол әп-сәтте нәтижесін көруді қалайды. Ал үлкен өлшемді киімдер болса ұзақ уақыт пен көп күшті талап етеді. Сондықтан адамдардан тапсырыс қабылдамайды, өзі мен жақындарына да тоқымайды.

«Дегенмен бір орында тапжылмай отырып, қуыршақты бір сағатта, бір күнде киіндіру мүмкін емес. Қонаққа шақырады, кейде үй шаруашылығымен жүгіріп кетемін, шабыт та болмайды. Уақыт өтіп, бірнеше күнде аяқтаймын. Бәрі өз көңілімнен шығады. Аяқ киімдері киім түсіне сай келмесе қызым тырнаққа арналған бояумен сәндеп береді»,- дейді ол.


Қатысты жаңалықтар:
comments powered by HyperComments