Ақтөбенің аудан орталықтары түгел газдандырылды (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 334.89
EUR 361.61
CNY 48.7
RUB 5.28


Ақтөбенің аудан орталықтары түгел газдандырылды (ФОТО)

ФОТО: автор

Ақтөбенің аудан орталықтары түгел газдандырылды. Облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта жатқан Ырғыз ауданына да газ құбыры тартылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ауыл халқы қос қуанышты қатар атап өтті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Ақтөбе облысындағы ең шалғай ауданға газ құбырын жеткізу оңай жұмыс болған жоқ. Жауапты әрі салмақты жұмысқа мердігерлер де шыдас бермеді. Сондықтан болар, 2011 жылы басталған жұмыстың қиюы қашып, халықтың мазасы кетті. Кейде күмәнмен қарады. Дегенмен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жұмыс қайта жанданып, халық көгілдір отынды тұтына бастады.

«Егемендік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір қиындықтарға қарамастан жылдан жылға халықтың тұрмысын, әл-ахуалын, жағдайын жақсартуымыз керек екенін айтты. Кеңес үкіметі кезінде келмеген газ Ырғызға тәуелсіздігіміздің арқасында жетті. Сөйтіп, Ақтөбе облысының барлық аудан орталығына газ барды. Қазіргі уақытта Ақтөбе өңірінің халқы 92 пайыз газбен қамтамасыз етіліп отыр. Осының бәрі ел экономикасының дамығанын, Мемлекет басшысының өз халқына деген қамқорлығын көрсетеді. Құрылысты салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы кетті. Ұзындығы 165 шақырым газ құбыры тартылды. Ырғыздың отыздан астам үйіне газ тартылып жатыр», – дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жыл соңына дейін Ырғыз ауданындағы 250 үй, 30-дан астам мекеме газға қосылады. Сонымен қатар, алдағы жылдары газ құбырының бойында орналасқан 4 елді мекенді газға қосу жоспары қолға алынды.

«Ырғыз ауданына газ құбырын тарту – «ҚазТрансГаз» компаниясының өңірдегі үлкен жобаларының бірі. Осымен Ақтөбедегі аудан орталықтарының бәріне газ құбыры жетті. Енді аудандағы 6 мың тұрғын арзан әрі пайдалы отынды тұтына алады. Инвестициялық жобаға сәйкес, 2030 жылға дейін барлық елді мекен газдандырылады», – дейді «ҚазТрансГаз» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев.

Облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастырады. Қазіргі уақытта өңір халқының 92 пайызы көгілдір отынды тұтынса, алдағы жылдары бұл көрсеткіш 98 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта құны 19 миллиард теңгенің екіжақты меморандумы әзірленіп жатыр. Ауданның дамуын көз алында өткеріп жатқан ауыл тұрғыны Асқар Орынбасаров алғашқылардың бірі болып газды пайдалана бастады.

«Үлкен үйді жылыту үшін жылына 5-6 тонна көмір аламыз. Көмірдің әр тоннасы - 18 мың теңге. Қалтаға күш түседі, тамызықты тағы дайындаймыз. Мұның бәрі ақша, шығын, бітпейтін жұмыс болды. Қазіргі уақытта бәрі артта қалды. Ауыл тұрғындары бар істі тындырған ел ағаларына алғысын айтады», – дейді ол. Төрт баланың әкесі бұл күнді ұзақ жылдар бойы күткенін, үміттің ақталғанын жеткізді.


comments powered by HyperComments