«Әлихан Бөкейханов ізімен» экспедициясы Алаш көсемі туралы құнды деректермен бөлісті
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


«Әлихан Бөкейханов ізімен» экспедициясы Алаш көсемі туралы құнды деректермен бөлісті

Ақмарал АЙҒАРА, 30 қараша 2016 ж 17:38 , Ақмола облысы
ФОТО: автор

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы, энциклопедист ғалым, публицист Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.


Жиынды ашқан партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығының ЮНЕСКО аясында аталып өтіп жатқанын айтты.

Шараға арнайы келіп қатысқан «Алаш» мәдени-рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер «Әлихан Бөкейханов ізімен» атты экспедиция құрамында оның туған жерінен бастап, қайтыс болған қаласына дейін жүріп өткенде жиған-терген мәлімет-деректерін, түсірген бейнетаспаларын, салмақты сұхбаттарын алға тартты. Айгүл Смақова жетекшілік еткен экспедицияның танымдық тұрғыда атқарған жұмысы мол екен.

«Алаштықтардың Омбы шаһарында тұрып, жұмыс істегендері белгілі, бірақ та, алаштың тұңғыш астанасы Омбы емес, Семей қаласы. Оның көптеген әріптесінің, шәкіртінің есімі көше, қала, мектептерге, жоғары оқу орындарына берілген де, Әлиханның өз аты ұмыт қалған. Басқаларға ескерткіш көп, Әлиханға тек қана Семейде орнатылған. Жақында Сан-Петерборда бюсті ашылды», – дейді Қ.Кемеңгер.

Дөңгелек үстел басындағы мәжілісте ғалымдар Қасымхан Құсайынов, Аманжол Ыдырысов, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі, басты-басты еңбектеріне тоқталды.

Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж директоры Нұртас Ахат, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті Сәбит Жәмбекке қоғамдық іске белсене араласып, жастар тәрбиесіне үнемі үн қосып келе жатқаны үшін «Ақ жол» партиясының ұсынысымен марапат – Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіндегі естелік медальдар табыс етілді.


comments powered by HyperComments