Амангелді кенішінде 40 ұңғыма жұмыс істеп тұр
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Амангелді кенішінде 40 ұңғыма жұмыс істеп тұр

25 қараша 2016 ж 18:22 , Жамбыл облысы

Жамбыл облысының Амангелді газ конденсаты кен орнында жаңа үш ұңғыма пайдалануға берілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Амангелді кен орнындағы екі, Жарқұм кен орнындағы тағы бір ұңғыма іске қосылды. Сөйтіп, Ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» АҚ Амангелдідегі жалпы пайдалану қоры 40 ұңғымаға жетті. Бұл газ өндірудің орташа тәуліктік көлемін 1 млн текше метрден астам деңгейде ұстауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BNews.kz.


Кеніштегі тағы бір маңызды оқиға халықаралық стандарттарға сәйкес келетін газ конденсатын химиялық талдауға арналған жаңа зертхана ашылды. Бұл жоба Ұлттық оператордың халықты газ және газбен жабдықтаудың «100 нақты қадамы» стратегиялық жоспары шеңберінде іске асырылған.

«ҚазТрансГаз компаниясы заманауи технологияларды пайдалану арқылы Амангелді кен орындары тобында газ бен газ конденсатын өндіруді жыл сайын ұлғайтып келеді. Бұл Қазақстанның импорттық көгілдір отыннан бас тартуына және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған зор үлес. Биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында үш кенішті пайдалануға беруіміздің өзі үлкен жетістік», – деді «Амангелді газ» ЖШС бас директоры Қанат Құрманалиев.

Сондай ақ, «Амангелді газ» ЖШС Айрақтыдан Амангелді кенішіндегі газды дайындау пунктіне (ГДП) дейін ұзындығы 24 шақырымдық «Айрақты-Жарқұм» өндіріс ішілік газ құбырын салуды аяқтады. Айрақты газ кен орнын келесі жылы тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланған. Ал осы жолғы шараға қатысқан саланың ардагерлері соңғы жылдардағы жетістіктерді айтты.

«Мен отандық газ саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет еттім және өзіндік ресурстық базаны кеңейтудің қаншалықты маңызды екенін білемін. Сонау 2001 жылы Қайрат Шәріпбаев пен тағы бірнеше белгілі газ мамандарының алғашқы қадамдарын, олардың қосқан үлесін көзіммен көрдім. Енді, міне, 15 жылдан кейін, отандық газ саласының басшылық қызметін атқара жүріп, оның Амангельді кен орнын дамытуға күш салып отырғанына куә болып тұрмыз. Осы арқылы Ұлттық оператордың ресурстық базасы ұлғайып, Тәуелсіз еліміздің қуаты да артады деп ойлаймын», деді жиынға қатысқан «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ Жамбыл филиалының директоры Александр Федорович.

Айта кетейік, Аманшелді газконденсатты кеніші 2003 жылдың 23 қазанында пайдалануға берілген болатын. Содан бері, осы кен орнынан өндірілген табиғи газдың көлемі 4 млрд. текше метрге, газ конденсатының көлемі  300 мың тоннаға жеткен.


comments powered by HyperComments