Атырауда жүргізушілер дайындайтын автомектептер сынға түсті (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 334.48
EUR 355.62
CNY 48.58
RUB 5.25


Атырауда жүргізушілер дайындайтын автомектептер сынға түсті (ФОТО)

ФОТО: автор

Мұнайлы өлке – Атырауда облыстағы автомектептер сынға түсті. Жалпы, өңірде отызға жуық автомектеп бар. Ал болашақ автожүргізушілер байқауына 13 автомектептен 26 үміткер қатысты. Ұйымдастырушы – әкімшілік полиция басқармасы мен кәсіби автомектептердің қоғамдық бірлестігі, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Кәсіби авто жүргізушілер дайындайтын мектептер арасындағы байқауға қатысушылар екі кезеңде іріктелді. Алдымен теориялық білімдері компьютерлік бағдарлама арқылы анықталып, одан кейінгі кезеңде тәжірибелік біліктіліктері жөнінен сынға түсті. Үздіктер бірден жүргізуші куәлігін қолдарына алды.

«Мұндай шаралар болашақ автожүргізушілер арасында білім сапасын арттырып, өзара бәсеке қалыптастырады. Ал бәсеке бар жерде сапа басты орында болмақ. Кәсіптік білім беру ұйымдарының санға емес сапаға жұмыс істеуіне негіз болады деген үміттеміз. Сонымен қатар, жолда жүру ережелерін сақтауға да жауапкершіліктері артады», – дейді Батыс аймақтық кәсіби автомектептер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тілекқабыл Қуанғалиев.

Болашақ авто жүргізушілердің көрсеткен нәтижелерінен екі аймақтағы білім сапасы мен тәжірибесі мол, материалдық-техникалық базасы жеткілікті үздік автомектептер анықталды. Мамандар бұл байқау енді дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады, себебі, автожүргізушілердің біліктілігін арттырып, жолдағы қауіп-қатер де кемиді деген сенімде.

«Облыста айына 1 мыңнан астам азамат жүргізуші куәлігін алады. Оның ішінде ауыстырушылар бар, бірінші оқып келген азаматтар бар. Мына біздің қаламыздағы, облысымыздағы жүргізушілердің оқу сапасын жақсарту, көшеде болып жатқан жол апаттарын азайту мақсатында ұйымдастырылып жатқан конкурс», – дейді Атырау облыстық ІІД ӘПБ Тіркеу-емтихан бөлімінің аға мемлекеттік иснпекторы Жұбайдолла Дәуешов.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отырған бұл байқауға қатысушылар мерейтойлық сый-сияпаттан да құр қалған жоқ. Байқау қорытындысында ең үздік деп танылған 3 автомектепке 50-150 мың теңгеден ақшалай және өзге орындарға ие болған кәсіби білім беру ұйымдарына заттай сыйлықтар табыс етілді.


comments powered by HyperComments