Атыраулық мүгедек қызға шетелде операция жасалады (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Атыраулық мүгедек қызға шетелде операция жасалады (ФОТО)

ФОТО: автор

Атыраулық бүлдіршін Альмира Рысмағамбетоваға қайырымды жандардың арқасында шетелде тегін операция жасалатын болды. Туабітті мүгедек қазір сегіз жасқа толғанымен өзін жалғыз сезінеді. Өйткені, ел қатарлы мектепке барып, қатарластарымен ойнап-күле де алмайды. Ал ата-анасы қымбат операция тұрмақ, күнкөрісін әрең ажыратып отыр. Жергілікті жанашыр жандардың көмегінің арқасында кішкентай Альмираның арманы орындалатын болды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Көпшілікпен араласпаған соң сегіз жастағы қыз бала жалғыздықтың зардабын әбден тартып отыр. Үйде тек өзінің інісімен ойнап, анасына аздап қолғабыс көрсетіп жүр. Альмираның туабітті таңдайы жоқ. Осының салдарынан ауыз қуысы дұрыс бітпеген. Бұл кемістік дұрыс сөйлеуге, тіпті, күлуге де мүмкіндік бермейді.

«Ол оқығысы келеді. Мен бірнеше рет мектепке беруге тырыстым, бірақ, екі-үш күн өтпей-ақ қызым жылап келеді. Өйткені, сыныптастары келеке қылады екен, бәрі бала ғой оларға қалай түсіндірерсің. Қазір өзімше оқытуға тырысып жатырмын. Бірақ одан не пайда болады», – дейді Альмираның анасы Альбина Рысмағамбетова.

Альбинаның анасы балаларына қарайтын адам жоқ болғандықтан жұмысқа да шыға алмай отыр. Кемістігі бар баланы көрші-көлемге сеніп тапсырып кету де қиын. Бұл отбасының ауыртпашылығын көзі көрген қайырымды жандардың арқасында жақында Альмираны шетелде емдетуге қаржы бөлетін жандар да табылды. Енді келесі айда оған Оңтүстік Кореяның таңдаулы ауруханаларының бірінде тегін операция жасалады. Оған өзге де жандар бірігіп, осы отбасының балаларына таңдаған киім-кешектерін тарту етті.

«Шетелдік емхана дәл осындай диагнозға операция жасауға келісім берді. Қазір Альмираның шетелге шығатын төл құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Бұйыртса, келесі аптада жолға шығамыз», – дейді туристік компания өкілі Роза Бекенова.

Алдағы аптада үлкен сапарға жиналып жатқан Альмираның қуанышында шек жоқ. Әр күнін санап, дәрігерлердің көмегін асыға күтіп отыр. Ал әзірге уақытын сурет салумен өткізіп жүр. Ол өзі жиі армандайтын мектеп, мұғалімдер мен оқушылардың бейнесін салуға қатты құштар. Операция сәтті өтсе, кішкентай бүлдіршіннің үлкен арманы да орындалар күн алыс емес.


comments powered by HyperComments