Елбасымен кездескен Ерден (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Елбасымен кездескен Ерден (ФОТО)

Әйгерім Бегімбет, 1 желтоқсан 2016 ж 16:15 , Оңтүстік Қазақстан облысы

2002 жыл... Қыркүйектің  23-27-сі Елбасының қабылдауында болған әрбір дарынды шәкірт пен олардың ұстаздарының есінде мәңгіге сақталары анық. Өйткені осы уақыт аралығында екінші рет еліміздің түкпір-түкпірінен республикалық, халықаралық білім, өнер бәйгесінде, спорттық сайыстарда топ жарған жас таланттар Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу үшін Астана төріне жиналды.


Олардың қатарында Оңтүстік өңірінен екі дарынды оқушы бар еді. Оның бірі бүгінде әсем даусымен талайды мойындатқан жас әнші Ерден Жақсыбеков болатын. Ерден ол кезде Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы еді. Сол жылдары облыстық, республикалық, халықаралық ән байқаулардың бас жүлдегері атанып, еліміздің атын бірнеше мемлекетте асқақтатты. Осылайша талантты оқушы ретінде Елбасымен жолығуға, алдында ән салуға мүмкіндік алды. Оны дауыс ырғағын жетілдіріп, вокалдан мектепте дәріс беретін ұстазы Роза Әміре Астанаға жетектеп келді.

«Ерден кішкентайынан өзгелерден ерек, дарынды болды. Айтқаныңды бірден қағып алатын. Қағілез. Ол Президентіміздің алдында «Елім менің» әнін орындайтын болған. Бірақ Астанаға барғанымызда өзге бала ән салатын болып,  менің шәкіртімді сызып тастапты. Екі күн дайындықтан кейін ұйымдастырушыларға Ерденнің дауысын тыңдап көруін өтіндім. Алғашқы шумағын айтып бастағаннан-ақ Ерденнің ерекше дауысы жиналғандарды тебірентіп, қол шапалақтатты. Содан кейін Елбасының алдында әнді Ерден шырқайтын болып шешілді. Төрт күн дайындық болды. Межелі күн жеткенде 60 оқушы, 40 мұғалім Назарбаевтың қабылдауында болдық. Кіп-кішкентай Ерденнің орындау шеберлігіне риза болған Елбасы құшағына қысып,  батасын берді. Сөйткен Ерденім ержетіп, қазақ эстрадасының жарық жұлдызына айналып келеді.  Шымкентке келгенінде келіп,  амандасып кетеді. Концерттен теледидардан көрсем, мәз боламын. Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен артық бақыт, қуаныш жоқ қой», - дейді 40 жылдан бері жас таланттарды ән өнеріне баулып жүрген Роза Әміре апай.

Ал бұл сәтте алған әсерін Ерден көпке дейін сыныптас достарына айтып жүріпті.

«Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім. Сондықтан болар ән әлеміне құштарлығым бала кезінен оянды. Роза апайым мені байқауларға дайындап, Армения, Болгария,  АҚШ, Литва елдерінде өткен халықаралық байқауларда топ жардым. Осының нәтижесінде Елбасымен кездесу бақытына ие болдым. Ол кезде менің жасым 12-де еді. Тек теледидардан көріп жүрген Президентіміз мейірлене құшағына қысқанда өзімді бақытты сезіндім. Сол кездесуде айтқан әрбір сөзі санамда ерекше жатталып қалды. Менің ғана емес, сол басқосуда болған барлық бала мен ұстаздар ұмытпайды деп ойлаймын. Елбасы бізге арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар тапсырды. Мен үшін ең құнды, бағалы сыйлық олар», - дейді жас әнші.

14 жыл бұрын Елбасымен кездескен әр өңірдің үздіктері бүгінде түрлі салада еңбек етіп, озат атанып жүрген болар. Басқа дарынды шәкірттер мен олардың ұстаздары қайда жүр екен?


comments powered by HyperComments