Қазақстан бүйрек пен ұйқы безін бір мезетте ауыстырған төртінші ел атанды
Наверх

Астана
USD 335.46
EUR 374.81
CNY 50.3
RUB 5.29


Қазақстан бүйрек пен ұйқы безін бір мезетте ауыстырған төртінші ел атанды

13 қыркүйек 2012 ж 13:39 , Алматы

Кеше Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада алғаш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін трансплантациялау отасы жасалынып, Қазақстан мұндай күрделі ота жасаған дүниежүзіндегі төртінші мемлекет атанды. Бұған дейін медицинадағы мұндай үлкен жетістікке АҚШ, Оңтүстік Корея және өткен жылы Италия елдері қол жеткізген болатын. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.


Мәліметке сәйкес, операцияны отандық дәрігерлер Оңтүстік Кореядан шақырылған профессор Квон Те Пактың қатысуымен жасады. Оған 10 дәрігер жұмылдырылған. Ота бір уақытта екі бірдей операция залында жүрді, бірінде лапароскопиялық әдіспен ағзалар – алдымен бүйрек, сосын ұйқы безі алынды. Ал екінші залда органдар науқасқа салынды.
«Науқас – 28 жастағы Гүлбану. Ол 16 жасынан бері қант диабеті дертіне шалдығып, өткен жылдан бастап бүйрек тапшылығына душар болған. Оған донор болуға 24 жастағы інісі Элдар келісім берген», - делінген баспасөз хабарламасында.
«Біздің Оңтүстік Кореяда мұндай операциялар, әдетте, 8 сағатқа созылады. Ал Қазақстанда небәрі 6 сағаттың ішінде аяқтадық. Бұған, әрине, емхананың жақсы жабдықталуы көп септігін тигізді. Мұнда күрделі ота жасауға қажеттінің барлығы бар және қазақстандық әріптестерімнің кәсіби шеберлігін ерекше атап өткім келеді», - деген Кван Тэ Пак қазақстандық мамандарға жоғары баға берді.
Болашақта инновациялық емдеу әдістерін енгізу үшін осындай шеберлік-кластарын өткізу, жылдың соңына дейін Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада бауыр трансплантациясын жасау жоспарланып отыр.
«Алға қойған мақсаттарды іске асыра отырып, ағзасын трансплантация жасау үшін шетелге баратын азаматтар санын қысқарту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді», - делінген баспасөз хабарламасында.
 


comments powered by HyperComments