Қазақстан мен Өзбекстан арасында автокөліктерді өткізу мәселесі шешілді
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Қазақстан мен Өзбекстан арасында автокөліктерді өткізу мәселесі шешілді

30 қараша 2016 ж 17:12 , Оңтүстік Қазақстан облысы
ФОТО: ontustik.gov.kz

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтары мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.


Ең алдымен, өңір басшысы Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Агрофуд-Қазақстан» ЖШС-нің бау-бақша алқабын көріп, алғашқы көшетті отырғызды. Биылғы жылы 280 гектар жерге жаңа технологиямен қарқынды бау өсіруді қолға алған серіктестік келер жылы өнім алуды жоспарлап отыр. Жобаның  инвестиция көлемінің жалпы құны 3 млрд. 400 млн. теңге.

Серіктестік  басшысының айтуынша, бірінші жылы гектарынан 10 тонна өнім алу көзделіп, 4 жылдан кейін 1 гектардан 40-50 тонна  өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы жылдары өсірілген жемістерді сақтайтын тоңазытқыш қойма салуды және өнімдерді қайта өңдеу жұмыстарын қолға алмақ. Тамшылатып суару әдісі қолданылатын бауда жергілікті 200-ге тарта азамат жұмыспен қамтылады.

Мұнан соң аймақ басшысы «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев аудандағы барлық кеден бекеттері маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын баяндады. Күніне 10-15 мың жолаушы өтетін кеден бекетінде келушілерге барлық жағдай жасалуы қажет екенін айтқан облыс әкімі көрші елмен қарым-қатынастың одан әрі жақсарып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы жеңіл автокөліктер өткізу мәселесі шешілгенін, алдағы уақытта автобустар қатынасы мәселесі де шешілетінін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында әкім бастаған жұмысшы топ «Жабай ата» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жұмысын көрді. Заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарды сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырғанын айтқан шаруа қожалығының иесі жергілікті 75 азаматты жұмыспен қамтыған.

Оның айтуынша, бүгінде мұнда 450 мың көшет отырғызылып, оның әр түп көшетінен 4-6 келіге дейін өнім алынады. Көлемі 15 гектар жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өндірілген жалпы өнім 2250 тонна, ал өнімдер Қазақстан нарығы мен  Ресей федерациясына жіберіледі.

Осы күні Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай пайдалануға берілген сыйымдылығы 100 мың томға дейін жететін орталық кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты. Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген әкім барша сарыағаштықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

Мәдениет нысанында оқырмандар мен қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. 7 мыңға жуық оқырманы бар кітапханада бүгінде 47 мың кітап қоры бар. Жаңа кітапхана ғимараты екі қабатты. Үш оқу залы мен кітап қорын сақтайтын 1 зал және қызметкерлерге арналған 7 бөлме бар. Айта кетейік, жалпы ауданда кітап қоры 632 мың 57 кітапхана халыққа қызмет етеді.

Сарыағаш ауданына жасаған сапарының соңында облыс әкімі жергілікті активпен кездесіп, ауданның даму басымдықтарын талқылады. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатындағы жобаларымен бөлісті.

Жиында Жансейіт Қансейітұлы шешімін таппай отырған мәселелердің де бар екенін ашық айтып, шешу жолдарын қарастыруды ескертті. Мәселен, индустрияландыру картасы аясында ауданда 1,7 млрд теңгелік 5 инвестициялық жоба іске қосылса, оның ішінде «Сарыағаш құс» кәсіпорны тоқтап қалған. Ал құрылыс заттарын шығаратын «С-Дем» кәсіпорны 50 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр. Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпорындарға мониторинг жүргізу жұмыстары өз деңгейінде атқарылмағанын айтқан аймақ басшысы биыл аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі  9 пайызға, өндеу өнеркәсібі 14 пайызға кемігенін айтты.

Сонымен қатар, әкім білім, денсаулық сақтау, құқық бұзушылық бағыттарында да тиісті жұмыстардың жүргізілмегендігінен көрсеткіштердің төмен екенін, осы саладағы жұмыстарды барынша жандандыру қажеттігін ескертті. Шипалы суымен танымал ауданға еліміздің барлық облысынан және шетелдерден көптеген туристер мен демалушылар келетінін мысал ретінде келтірген Ж.Түймебаев ондағы санитарлық тазалық пен ретсіз саудаға және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

«Ауданда қоқыс тастайтын 26 орын белгіленген, алайда, аудан әкімдігі тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты, елді мекендерде  бей-берекет қоқыс орындары көбейіп барады. Сонымен қатар, мұндағы проблемалардың бірі – ретсіз орналасқан базарлар.  Мәселен, аудандағы 13 базардың 7-еуі заң талаптарына сәйкес келмейді», – дейді облыс әкімі.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданының мүмкіндігі кейбір аудандармен салыстырғанда өте жоғары екенін айтып, осы әлеуетті барынша пайдалана отырып, аудан экономикасын көтеру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.


comments powered by HyperComments