Қазақстанның 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 5 жыл
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Қазақстанның 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 5 жыл

29 қараша 2016 ж 15:23
ФОТО: babki.kz

Мемлекеттік қызметтер бойынша тәулігіне 24 сағат тегін қызмет көрсететін Қазақстан Республикасының 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 5 жыл толды, деп хабарлайды BNews.kz. Құзыры үкіметпен бекітілген орталық 2011 жылы қарашаның 29-ы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электронды үкімет байланыс орталығының негізінде құрылған.


2011 жылы небары 30 қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда орталық операторлары 736 қызмет түрі бойынша жұмыс істейді.

Байланыс орталығына хабарласатын азаматтардың басым бөлігі төлқұжат, жеке және жүргізуші куәлігін алу, мекен-жай туралы анықтаманы алу, сонымен қатар, баланың дүниеге келуі мен күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеу сұрақтарымен хабарласады.

«ББО бастапқыда қарапайым байланыс орталығы болған. Ал қазіргі уақытта азаматтармен қарым-қатынас орнатудың қосымша арналары бар. Енді мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтар бойынша 1414.kz сайты, электронды пошта және виртуалды онлайн-көмекшілер арқылы хабарласуға болады», – дейді  Байланыс орталығының директоры Анар Ұлманова.

Бірыңғай байланыс орталығы халықаралық стандарттарға сәйкес EN 15838 сертификатының иесі, WSIS PROJECT PRIZES 2016 халықаралық конкурсының жеңімпазы. Аталған жетістіктер консультациялық қызметтердің жоғары сапада көрсетілетінін мойындатады, әрі халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес тұтынушыларға қызмет көрсету процестердің жүйеге қойылғандығын дәлелдейді.

ББО мамандары күніне 10-15 мың өтінімді өңдейді. 2015 жылы түскен өтінімдердің жалпы саны 3,6 млн болса, 2016 жылдың 10 айында өтінімдер саны 3,7 миллионға жетті.

Орталықта 127 оператор, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді, қызметкерлерге жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Операторлардың орташа жасы – 25.

Жұмысқа қабылдау алдында операторлар сұхбаттасудан өтеді, бұл кезде дикциялары, күйзеліс жағдайларда сабыр сақтауы, мемлекеттік тіл білімі тексеріледі. Сұхбаттасу сәтті аяқталған жағдайда үміткерлер бір аптадан үш аптаға дейін оқыту курстарына қатысып, нәтижесінде тест тапсырады. Естеріңізге салсақ, операторлар тәжірибесі мен біліктілігіне қарай 3 категорияға бөлінеді.

Кеңесшілердің жұмысы нәтижелі болуы үшін олар ауысымдарға, топтарға және жобаларға бөлінеді, біліктіліктерін арттыру үшін мемлекеттік қызметтерге қатысты барлық сұрақтар бойынша үнемі оқыту курстары ұйымдастырылады. Операторлардың білімдерін арттыру жолында 6 супервайзер және 18 әдіскер жұмыс істейді. Ай, тоқсан, жыл сайын байланыс орталығының үздік мамандары анықталады.

Естеріңізге салсақ, еліміздің кез келген жерінен және кез-келген телефоннан тәулік бойы жұмыс істейтін 1414 нөміріне хабарласу арқылы мемлекеттік қызметтер жөнінде консультация алуға болады. Хабарласу тегін.


comments powered by HyperComments