Лаңкестерге қарсы күресте ерлік көрсеткен полиция қызметкері марапатталды
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Лаңкестерге қарсы күресте ерлік көрсеткен полиция қызметкері марапатталды

ФОТО: автор

Лаңкестерге қарсы күресте ерлік көрсеткен 28 жастағы Аслан Есентаев «Алтын адам Жыл адамы» фестиваль-байқауында 2016 жылдың ең үздік полиция қызметкері номинациясын жеңіп алды. Ақтөбе облыстық ІІД, жол-патрульдік полициясы батальонының аға сержанты 5 маусымдағы қарулы қақтығыс кезінде бір лаңкесті жаралап, біреуінің көзін жойған, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


«5 маусым күні Елек полиция бөлімінде кезекшілікте болдым. Сол күні түсте «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғаны хабарланып, барлық жасақ күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге жұмылдырылды. Жедел жолға шыққан кезде тағы қосымша тапсырма түсті. Жарты жолдан кері бұрылып, «Пантера» қару-жарақ дүкеніне бардық. Барған кезде полиция қызметкерлері көлігінің есігі ашық тұрды. Атыс болып жатты. Бірден жерде жатқан қылмыскердің қаруын алып, қолына кісен салдық», – дейді жол-патрульдік полициясы батальонының аға сержанты Аслан Есентаев.

Оның айтуынша, әріптестерінің бірі жараланып, медициналық ем қабылдады, екіншісі қару-жарақ дүкеніне шабуылдағандармен атысты күшейтті.

«Сол күні қалаға кіріп-шығатын жолдар түгел жабылды. Күзет күшейді. Олар «Нива» автокөлігін айдап кеткен болатын. Кешкілік Кірпішті ауданында сол көлік ұсталды. Есікті ашқан кезде сол жағында қару кезенген қылмыскер жатты. Жедел қимылдап, атуға тура келді, басқа амал болмады», – дейді ол.

Айта кетейік, аға сержант Аслан Есентаев отбасылы, бір баласы бар. Ол құқық қорғау саласында 7 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді.


comments powered by HyperComments