Үнділер қазақ ғалымдарының мақалаларын ұрлап, басып жүр (ВИДЕО)
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары

Астана
USD 343.83
EUR 383.95
CNY 52.8
RUB 5.06


Үнділер қазақ ғалымдарының мақалаларын ұрлап, басып жүр (ВИДЕО)

30 наурыз 2016 ж 14:46

Елбасы өзінің халыққа арнаған соңғы Жолдауында ғалымдарымыз жасанды интеллект пен смарт-технологияны дамытуды шұғыл қолға алу керектігін айтқан болатын. Осы бағытта үздіксіз іздену нәтижесінде өткен жылдың соңына қарай Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ ғалымы Мемлекет басшысының тапсырмасын мінсіз атқарып шықты. Яғни, Информатика және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының бір топ ғалымы «Информатика мамандығы бойынша білім беру бағдарламасының онтологиялық моделі (бакалавр және магистратура)» (Авторлары: т.ғ.д. А.Ә. Шәріпбай, т.ғ.к. Б.Ш. Разахова, т.ғ.к. Г.Т. Бекманова, т.ғ.к. Ә.С. Омарбекова, Р.Д. Төребаева, ф.м.ғ.к. Е.А.Хасенов) атты еңбегін жазып шықты. Олардың айтуынша, бұл онтологиялық модельдеу бағытында ұлттық нақыштағы тұңғыш төл туынды екен. Десек те, өз ғалымдарымыздың алғашқы еңбегі енжарлық танытсақ үнді ғалымдарының иелігінде кететіндей. Тақырып түсінікті болуы үшін әңгімені әріден бастасақ...


Біз ғалымдарымыздың ұрланған дүниесі туралы ақпарды алғаш рет «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» АҚ-ның ұйымдастыруымен іске асырылған сапар – Ұлыбританияда жүріп естідік. Өткен жылы инновациялық бағытта жарияланған үздік материалдардың авторы ретінде бір топ қазақстандық БАҚ өкілдері ек іжұма бұрын танымдық сапармен осы елде жүрген болатын. Британ кеңесі мен Ұлттық агенттік жетекшілері сапар аясындағы бағдарламаға Ғылыми бағыттағы британ жазушылары қауымдастығының президенті Мартин Инстің дәрісін енгізген екен. Ғылым мен журналистика саласындағы өзара үйлесімділік пен авторлық құқықтардың қорғалуына қатысты тартысты пікіралмасу осы жерде өрби түсті. Себебі, осы кездері отандық «Munara.kz» сайты «Үнді ғалымдары қазақ ғалымдарының мақаласын ұрлап басты» деген материалды жариялады. Спикерден осы мәселеге қатысты пікір білдіруін өтіндік те, сол аралықта біз аталған сайттың редакторы Тельман Бейсеновпен желі арқылы байланысып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп үлгердік. Аудармашының көмегімен жағдаймен едел-жедел танысқан Мартин мырза үнді ғалымдарының әрекетін ашық айыптайтындығын айтып, қазақ ғалымдарының жаңашылдығына тәнті болғандығын жеткізді. Тіпті, бұл бағыттағы жаңашылдықты азиаттық ғалымдардан күтпеген ол, біздің ғалымдармен тәжірибе алмасқысы келетіндігін де тілге тиек етіп, тамсанды. Ал зияткерлік меншік құқына қатысты тұшымды пікір білдіру үшін жан-жақты ізденіс пен біршама уақыт қажеттігін алға тартты.

Кейіннен елге келген соң бұл мәселенің түйінін тарқатуды соңына дейін жеткізуді жөн санадық. Осы мақсатта жоба авторларымен жолығып, сұхбаттасудың да сәті түсті. Өткен жылдың желтоқсан айында Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық конференцияда авторлар тобының жетекшісі ретінде Алтынбек Шәріпбай өздері ашқан жаңашылдықты дүйім жұртқа таныстырады. Баяндама жиынға қатысушылар тарапынан өте жоғары бағасын алып, ұйымдастырушылардың арнайы сертификатына ие болады. Алайда, арада ай өтпей жатып біздің ғалымдарымыздың көз майын тауысып жазған туындысы өз аттарымен үнді профессорларының атынан атағы дардай халықаралық басылымда жарияланғаны белгілі болды.

Бүгінде осы жағдайға байланысты авторлар тобы Анталиядағы шараны ұйымдастырушылар мен ұрланған материалды жариялаған басылым тарапына ресми түрде хабарлама бергенін айтады. Өз кезегінде әлгі сайттан материал алынып, халықаралық қауымдастық тарапынан (Еуропалық жоғары оқу орындарының қауымдастығы) үнді ғалымдарына қарсы қандай әрекет жасалса, соны қолдайтындарын білдірген жауап келген. Десек те, ғалымдарымыз ендігі әрекет қалай болуы керектігін білмей, екіұдай күйге түскен. Ол заңдылық та болар, бәлкім. Себебі, бізше ғалым адам өзінің ғылыми жұмыстарымен алаңсыз шұғылданып, бойындағы әлеуетін тыңнан түрен салып, жаңашылдықтар ойлап табуға жұмсағаны ләзім-дүр.

Бір өкініштісі өз ғалымдарымыздың еңбегі «тал түстегі» ұрлықтың құрбанына айналып, ары-беріден соң, біздің авторларымыз өздері жазып шыққан туындыны ұрлаған жандарға айналып шыға келуі мүмкін екендігін ескертеді. Себебі, «Ontological Model of Educational Programs in Computer Science (Bachelor and Master Degrees)» деген атаумен жазылған материалдар топтамасын интернеттен іздесеңіз, үшбу дүниенің үнді ғалымдарына тиесілі екендігі алдымен шығады. Реттік саны бойынша, 15-16-шыдан кейінгілері ғана қазақстандық ғалымдардың атымен көрініс береді. Мұндай ойды авторлар тобының мүшесі, Информатика және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Бекманова бейнесюжетте айтады.

Жалпы, аталған мәселеге қатысты істің ара-жігін ажыратып, өз ғалымдарымыздың құқы мен зияткерлік меншік құқын қорғау жолында көмегі тиер құзырлы органдарға шағым түсірудеміз. Күні кеше ғана Еуропалық құқық пен адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Марат Бәшімовтен «не істеу керектігі жөнінде» кеңес сұрадық. Алдағы бірер күнде халықаралық деңгейдегі тиісті заңнамалық-құжаттарды қарап шығып, көмек беретіндігін білдірді. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевқа да мәселенің шет жағасын естірткенімізде, жағдайдың Әділет министрлігінің қарауына жататындығын айтты. «Алдымен, сол министрлікке шағым түсіріңіздер. Егер тиісті деңгейдегі инстанциялар шешім қабылдай алмаса, бұл мәселемен айналысуға өзім білек сыбана кірісейін» деді депутат. Халық қалаулысының сөзіне құлақ асып, біз Әділет министрлігінің баспасөз қызметімен байланысқанымызда, ондағы мамандар министрдің орынбасары жағдаймен егжей-тегжейлі танысып, шешім қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар беретін күнді бүгін қарастыратындығын хабарлады. Әрине, біз алдағы уақытта осы мәселеге қатысты қабылданған шешім, қолданған шараларды оқырмандарымызға жеткізіп отыратын боламыз.

Ал қазірге өз ғалымдарымыздың жазған еңбегінің түпнұсқасын (ағылшын тілінде жазылған) және үнді ғалымдарының ұрлап басқан нұсқасын қатар назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Айболат ЕРМҰХАМБЕТОВ (оператор)


Редакцияға өз материалыңызды ұсыныңыз— сюжеттің серіктес авторы бол!

Редакцияға өз материалыңызды ұсыныңыз— сюжеттің серіктес авторы бол!

Қатысты жаңалықтар:
comments powered by HyperComments