ОҚО дәрігерлері Түркияда білімін жетілдірмек
Наверх

Астана
USD 334.31
EUR 355.17
CNY 48.44
RUB 5.31


ОҚО дәрігерлері Түркияда білімін жетілдірмек

29 қараша 2016 ж 18:13 , Оңтүстік Қазақстан облысы
ФОТО: ontustik.gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы өкілі Әли Ихсан Чаглармен кездесті. Басқосуда тараптар бауырлас қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі жақсарту жайын талқылап, алдағы күндері қолға алынатын нақты жоспарлы жұмыстарға көшті, деп хабарлайды BNews.kz.


Нақтырақ айтсақ, таяуда TIKA ұйымының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы медицина мамандары арнайы оқу курсынан өтіп, біліктілігін жетілдірмек. Шымкентте осы жылдың 2-5 желтоқсан күндері өтетін тәжірибе алмасу семинарына 75 дәрігер қатысып, ана мен бала денсаулығын сақтау, ана мен бала өлімін азайту тақырыбында дәріс алмақшы. Ал тәжірибе алмасу курсында белсенділік танытқан дәрігерлер Түркияға жіберіліп, елге келген соң өзге де әріптестерінің білімін шыңдауға атсалысады.

Кездесу барысында, аймақ басшысы өңірімізге арнайы келген мәртебелі мейманға алғысын білдіріп, осы жоба аясында жан-жақты қолдау көрсетуге  дайын екенін жеткізді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына ортақтасып, қуанышымен бөлісуде осындай жұмыстарды ұйымдастыруды көздеген аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі Әли Ихсан Чаглар бұл жобаның бұған дейін өзге де мемлекеттерде ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсеткенін айтты.

Айта кету керек, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әлемнің 56 елінде филиалдары бар. Жер-жаһанның 150 елімен ынтымақтастық жобаларын жасасқан TIKA ұйымы соңғы 3 жылда ынтымақтастық жұмыстары мен гуманитарлық көмектердің арқасында әлемде бірінші орынға шыққан. Денсаулық сақтау саласындағы бұл жоба – ұйымның қыруар жұмыстарының бір ғана бөлігі.


comments powered by HyperComments