Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетауда Студенттер үйі пайдалануға берілді (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 334.48
EUR 355.62
CNY 48.58
RUB 5.25


Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетауда Студенттер үйі пайдалануға берілді (ФОТО)

Ақмарал АЙҒАРА, 24 қараша 2016 ж 09:33 , Ақмола облысы
ФОТО: автор

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 310 орындық Студенттер үйі пайдалануға берілді. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин оқу орнының ұжымын айтулы оқиғамен арнайы келіп құттықтады, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.


Ерекше үлгідегі жаңа Студенттер үйі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бақылауымен салынған нысан. Бір атап өтерлігі, бұл ғимарат биылғы жылы республика көлемінде пайдалануға беріліп отырған бірден-бір студенттер үйі.

Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі аталған оқу орнының білім саласына қосқан рөлін ерекше тілге тиек етті.

«Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында біздің өңірде де бірнеше маңызды нысан іске қосылатынын айрықша айтып өткім келеді. Соның бірі – Студенттер үйі ғимараты дер едім. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған, іші мен сырты эстетикалық талғаммен салынған студенттер үйі қала сәулетін арттыра түсеріне сенім мол. Осы уақыт ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мыңдаған жоғары білікті маманды даярлап, еліміздің білім беру саласына орасан зор үлес қосып отыр. Іргелі университет ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Университет түлектерінің Қазақстан Республикасы аймақтарында ғана емес, сонымен қатар, таяу және алыс шетелдерде де қызмет атқарып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық қасиеттерімен ерекшеленетіндерін үлкен мақтанышпен айта аламыз», – дейді өңір басшысы.

Бес қабатты ғимаратта студенттердің жайлы тұруына қажетті жағдайлар жасалған: қажетті жиһазы бар екі және үш орынды, жарық та жайлы бөлмелер, ас дайындайтын, кір жуып, оны кептіретін, үтіктейтін заманауи машинкалар, санитарлық тораптар, медициналық пункт, плазмалық теледидарлар, әр қабатта оқу залдары, 50 орынды конференц-залы, 120 орынды асханасы бар және жылдамдығы жоғары WI-FI желісі іске қосылған. Сонымен қатар, мұнда кіріп-шыққандарды бақылап, басқару жүйесі электронды-техникалық қызметі студенттер үйінде орнатылған. Бұл жүйенің артықшылығы – студенттердің ата-аналарының өз үйлерінде отырып-ақ, балаларының сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімін, сондай-ақ жатақханаға кіріп-шығуын тікелей бақылауына мүмкіндік береді.

«Университет әкімшілігі жаңа студенттер үйіне білім алушыларды орналастыру барысында ата-анасы жоқ жетім балаларға, мемлекеттік грант иелеріне, республиканың басқа облыстарынан келгендерге, көп балалы отбасыдан шыққандарға, мүгедектерге басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ, мұнда көпсалалы колледж студенттеріне, сол ғимараттың жанында оқитын тарих, заңтану, өнер және спорт, филология және педагогика факультетінің студенттері орналасқан. Ол студенттердің жолға көп уақыт кетірмей, әрі қаражаттарын шығындамай, өздері  оқитын оқу ғимаратының қасында тұруына ыңғайлы», – дейді университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.

 


comments powered by HyperComments