Павлодарлық нұротандықтар 222 млн теңге жарна жинады
Наверх

Астана
USD 334.48
EUR 355.62
CNY 48.58
RUB 5.25


Павлодарлық нұротандықтар 222 млн теңге жарна жинады

ФОТО: BNews.kz архивінен

«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының мүшелері былтырғы жыл мен 2016 жылдың 10 айында 222 млн теңге жарна жинаған, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. Бұл туралы кезекті есептік-сайлау конференциясы барысында айтылды.


Конференция барысында облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов өз сөзінде ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай қабылданған Декларацияның маңыздылығын атап өтті.

«Бұл маңызды құжат еліміздің тәуелсіздік жылдары қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін қамтиды. Қарт тарих үшін 25 жыл аса ұзақ уақыт емес. Алайда, осы қысқа мерзімнің ішінде біз мемлекетіміздің негізгі қазықтарын қалыптастырдық. ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында біз бәсекеге қабілетті экономиканың негізін қалап, жаңа ғасырға нық сеніммен аттадық. Елімізде кең масштабты экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді. Ел қалаулылары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тарихи құжатта Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен бағындырылған белестерді атап өтіп, жетістіктерімізді саралап шықты. Тәуелсіздік декларациясы барлық қазақстандықтардың Елбасының жанына бірігіп, егеменді еліміздің әрі қарай дамуына бірлесіп жұмыс істеуіне жаңа серпін береді», – дейді Болат Бақауов.

Конференцияда партия ішіндегі жұмыстар, сайлауалды платформасының жүзеге асырылу барысы, қоғамдық қабылдаулардың қызметі туралы айтылды.

Саяси ұйымның облыстық филиалы бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Серім Сыздықовтың айтуынша, есептік кезеңде комиссия мүшелері партияға бөлінген қаржының игерілуін жіті тексерген.

«2015 жылы және 2016 жылдың қарашасына дейін қаржылық түсімдер көлемі 548 млн 358 мың теңгеге жетті. Оның ішінде партияның орталық аппаратынан түскен қаржы – 305 млн 505 мың теңге. Партиялық жарналар 222 млн 732 мың теңге болды. Ғимараттарды жалға беруден түскен пайда 15 млн теңгеден асты. Ал соңғы екі жылда жұмсалған қаражат 540 млн 26 мың теңге. Бұл қаржының 226 млн 356 мың теңгесі облыстық филиалдардағы облыстық және аумақтық өкілдіктердің қызметкерлері мен қызмет көрсетуші ұжымдарға төленді», – дейді Серім Сыздықов.

Комиссия төрағасы партияға бөлінген қаржының қандай бағытта жұмсалғаны туралы да сөз қозғады.

«Банк қызметі мен коммуналдық қызметке 13 млн теңгеден астам, іссапарлық шығындарға 4 млн теңге, салық төлеуге 28 млн 773 мың теңге бағытталды. Партия мекемелері орналасқан ғимараттарды күзету қызметіне 6 млн 643 мың теңге, тауар-материалдық құндылықтар мен жанар-жағармай сатып алуға 20 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды», – дейді Серім Сыздықов.

Айта кетейік, Павлодар өңірінің партиялық ұйымында қазіргі таңда 63 785 адамды біріктіретін 13 аумақтық филиал мен 407 бастауыш партия ұйымы бар.


comments powered by HyperComments