Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы дүниеден өтті
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы дүниеден өтті

23 қараша 2016 ж 12:53
ФОТО: egemen.kz

Қазақтың қабырғалы азаматы, көрнекті тарихшы ғалым, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы қарашаның 23-і күні өмірден өтті. Қазақ тарихы, Қазақстан тарихы, жалпы қазақ руханияты үшін орны толмас қазаға душар болды.


Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы 1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағы Қобда сұмынында өмірге келген.

Моңғолия мемлекеттік университеті мен Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген Зардыхан Қинаятұлы өзінің саналы ғұмырын басшылық қызметтерге, ғылымға арнайды.

1975-1987 жылдары аралығында Моңғолия Кәсіподағы Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарады. 1990-1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің Вице-Премьері орынбасары және Моңғолия Парламенті Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Коммунистік жүйеден кейінгі Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі. Ташкентте Монғолияның атынан консул қызметін абыроймен атқарған Зардыхан Қинаятұлы 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударғаннан өмірінің соңына дейінгі ғұмырын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты институтындағы ғылыми қызметке арнайды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы осы жылдар ішінде «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Көшпенділік ғұмыр» және т.б көптеген тарихи кітаптар жазып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Аталған еңбектерден ғалымның терең білімі, биік өресі, темірқазықтай нық принципі айқын аңғарылып тұрады.

Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста Монғолия билігі ұсынған биік лауазымды қызметті қарапайым ғылыми қызметкерлікке айырбастаудың өзі – ұлтын сүйген үлкен жүректің қолынан келетін іс болса керек. Ел-жұрты «Зақаң» атап құрметтеген Зардыхан Қинаятұлының сергек санамен айтылған саяси, ғылыми ой-пікірлері қазақ, орыс тілді қауымның әрдайым назарында болып отырғанын ғалым-саясаткердің әр жылдары берген сұхбаттарынан көруге болады.

Зақаңның қандай мәселеде болсын, байыптап-саралай отырып, мәймөңкелемей анығын айтуды сүйетін мінезін өзі осы берген сұхбаттардан, ғаламтор беттеріндегі өзге де материалдардан бірден сезінбеу мүмкін емес.

Биік қызметтер атқарып, ел алдында жүрсе де өмірде қарапайым тірлік кешкен Зақаңның бұл қасиетінің сыры түп тамырдағы тектілікте жатыр деген болар едік. «Тегімді менің сұрасаң, қалың найман нуынан» дегендей, қалың қаракерейдің ақ найман атасының белді әулетінен тамыр тартқан Зақаң Монғолия қазақтары тарихындағы әйгілі тұлға Қылаң Қанжығалыұлына жиеншар болып келетіні бар. Арғы аталары Шығыс Қазақстан өңірінен патша үкіметінің жер мәселесіне байланысты қысымы салдарынан қазіргі Шүй бойына өтіп, одан соң Қобда бетке орналасқан осы бір әулеттің ғана емес, биыл ширек ғасыр толатын, Монғолия қазақтарының Атажұртқа бет бұрған көштің де бұйдасын ұстаған қадірлі Зақаңның, Зардықан Қинаятұлының жарқын бейнесі туған халқының жүрегінде мәңгі сақталары анық.


comments powered by HyperComments