Тұңғыш Президент күні талдықорғандықтар баспаналы болды
Наверх

Астана
USD 334.31
EUR 355.17
CNY 48.44
RUB 5.31


Тұңғыш Президент күні талдықорғандықтар баспаналы болды

2 желтоқсан 2016 ж 09:06 , Алматы облысы
ФОТО: zhetysu.gov.kz

Талдықорған қаласында 40 пәтерлі коммуналдық үй пайдалануға берілді. Көптен күткен жаңа қоныс талдықорғандықтар үшін Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту болды, деп хабарлайды BNews.kz.


Бірінші кезекте пәтерлерге жетім балалар, мүгедектер, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, ҰОС мүгедектері мен басқа да кезектегі азаматтар ие болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа баспана иелерін облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

«Бүгін көпшілікпен бірге мерекелік көңіл күйде өздеріңізге 40 пәтерлі коммуналдық үйдің кілтін тапсырғалы тұрмыз. Бұл айтулы оқиғаның Тұңғыш Президент күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғаны – үлкен қуаныш. Сіздерді көптен күткен жаңа баспанаға ие болуларыңызбен құттықтаймын! Отбасыларыңызға береке, молшылық пен табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын», – деп А.Баталов жаңа пәтер иелеріне кілттерін тапсырды.

Қоныс иелерінің атынан жетім балалар санаты бойынша пәтер алған Сергей Малаховский сөз сөйледі.

«Мемлекет қамқорлығының арқасында білім алып, бүгін өзімнің жеке баспанама қол жеткіздім. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең алдымен жастарға әрқашан қолдау көрсетіп келе жатқан Президентімізге алғыс айтқым келеді», – деді С.Малаховский.

Жаңа пәтер алғандардың ішінде Жанат Қырғабақов пен Марина Ноженко да өз ризашылықтарын білдіріп, сөз сөйледі.

«Балаларымның үйлі болғанына шын жүректен қуаныштымын. Енді біздің кең, жарық, жаңа пәтеріміз бар. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үй беріп отырғаны біз үшін екі есе қуаныш», – деді Марина Ноженко.

Айта кетейік, Талдықорған қаласының өзінде ғана 2012 жылдан бері жалпы алаңы 87,8 мың шаршы метр болатын 23 тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Биылғы жылдың 9 айында облыс орталығында 4 үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 60 пәтерлі коммуналдық үй іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар 9 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 4-еуі – жеке инвестиция есебінен салынуда. Бұл өз кезегінде тағы 873 отбасының жаңа пәтерлі болуына мүмкіндік бермек.


comments powered by HyperComments