Ақтөбеде жасанды жолмен ұрықтандыру зертханасы алғашқы 10 жұпқа тегін көмек береді
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Ақтөбеде жасанды жолмен ұрықтандыру зертханасы алғашқы 10 жұпқа тегін көмек береді

ФОТО: BNews.kz архивінен

Ақтөбеде келер жылы экстракорпоралды ұрықтандыру зертханасы ашылады. Алғашқы 10 әйел зертхана қызметін тегін пайдаланады. Оларға жасанды ұрықтандыру қаңтар айында жасалады. Бала сүйе алмай отырған тағы 10 отбасыға жеңілдіктер қарастырылған, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.


Ақтөбеде отбасы құрғандардың 16 пайызы бала сүйе алмай отыр. Олар үшін жасанды жолмен ұрықтандыру жалғыз мүмкіндікке айналды. Ем-дом жасап, түрлі дәрі-дәрмек қабылдаған жұптың қатары 700-ге жетті. Бәрі экстракорпоралды ұрықтандыру үшін арнайы тізімге алынды.

«Жасанды жолмен ұрықтандыру зертханасын ашу сұраныстан туындады. Келер жылы облыстық перинаталды орталық жанынан зертхана ашылады. Зертхана алғашқы 10 әйелге тегін қызмет көрсетеді. Тағы 10 отбасыға қызмет ақысы жағынан жеңілдік жасалады. Әр келіншек жеңілдетілген бағамен 250 мың теңгеге жасанды ұрықтандырылады», – дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің оқытушысы, гинеколог-дәрігер Светлана Есенаманова.

Ақтөбелік дәрігерлер жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануда алматылық әріптестерінің көмегіне жүгінеді. Алматыдағы Репродукциялық медицина орталығының репродуктолог, эмбриологтары үнемі байланыста болады.

«Ақтөбелік отбасылар 2010 жылдан бері квота арқылы Алматы, Астанаға жолдамамен  жіберіліп жатыр. Бұл аз. Себебі, жыл өткен сайын бала сүйе алмай жүрген отбасылардың қатары артып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта балалы бола алмай жүрген 2 мыңнан астам жұп емделуге тіркелді. Оның 300-ден астамы жасанды жолмен ұрықтандыру квотасын күтіп отыр. Жалпы, облыста тек жасанды жолмен бала сүйе алады деген соңғы шешімге 700 отбасы ілікті», – дейді Светлана Есенаманова.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында босану қабілеті бар 130 мыңға жуық әйел тіркеулі. Оның 1200-ден астамы жыныстық ауруларға шалдыққан. Балалы болу өміріне қауіп төндірсе де 42 әйел жүктілігін сақтап қалды.


comments powered by HyperComments