Мәжіліс медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады
Наверх

Астана
USD 334.48
EUR 355.62
CNY 48.58
RUB 5.25


Мәжіліс медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады

23 қараша 2016 ж 15:52 , Астана
ФОТО: telegraf.in.ua

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BNews.kz.


Заң жобасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін аударымдар мен жарналарды төлеу мерзімін өзгертуді, осыған байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің барлық процестерінің іске қосылу мерзімін өзгертуді қарастырады.

Аталмыш заң жобасын депутаттарға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова таныстырды.

«Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында комитет 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын және 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы бюджет кодексіне сәйкес келтіру мақсатында ҚР Бюджет кодексінің 53-бабы 1-тармағының 5-ші тармақшасына өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің міндетті әлеуметтік сақтандыруға көшуіне жағдай жасау үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге арналған жергілікті бюджеттің шығыстарын республикалық деңгейде шоғырландыру қажеттігінен туындады», – деді ол.

Осылайша, мемлекеттің қорға аударатын жарнасының мерзімін 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың Қорға төлейтін аударымдары мен жарналарының мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстыру жоспарлануда.

МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін Қордан төленетін ақы 2018 жылғы 1 қаңтардан басталады. Сондай-ақ, МӘМС жүйесіндегі жеке тұлғалардың «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 5,6, және 7 баптарында қарастырылған медициналық көмек алу мен денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқықтары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Сонымен қатар, аталған заң жобасы интернат санатына жатпайтын орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау, яғни, емханаларға беру бойынша «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 18 қарашада ҚР Президенті Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. Аталған құжат үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қарастырмақ.


comments powered by HyperComments