Елбасы Шамалғандағы көршісімен кездесіп, «Ақтөбенің» ойынын тамашалады (ФОТО)
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


Елбасы Шамалғандағы көршісімен кездесіп, «Ақтөбенің» ойынын тамашалады (ФОТО)

ФОТО: автор

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын өңірлерді аралап, өндіріс орны, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жалпыхалықтық спорттық, мәдени шараларға қатысып жүр. Ақтөбеге сапары айтулы оқиғаларға толы болды. Зауыттарды іске қосып, жаңа өндіріс орындарымен танысу кезінде жұмысшылармен тілдесті. Халық үшін қолға алынған істерді тізбектеп, кейде әзіл айтып, именіп тұрған жұмысшыларға жылу сыйлады. Ақтөбеге сапары кезінде тосынсыйлар да көп болды. Мәселен, Мемлекет басшысы Шамалғанда ата-анасымен көрші тұрған Евдокия Санжаровамен кездесті. Теннис орталығында спортшылармен кездесіп, осыдан 7 жыл бұрын 11 жаста болған Әділ Қалиақпаровпен ракетка түйістірді. Ақтөбенің 140 жылдығында «Ақтөбе» футбол клубының ойынын тамашалады, деп хабарлайды BNews.kz.


2008 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен сол жылдары Ресей Федерациясының Президенті болған Дмитрий Медведев Ақтөбеде өткен шекаралас өңірлердің форумына қатысты. Ақтөбе өңірі бұл күнге тыңғылықты дайындалды. «Қоныс» спорт сарайында қос ел кәсіпкерлерінің өндірістік көрмесі ұйымдастырылып, ондаған ірі және шағын кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Кездесуде ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сапар барысында қос президент «Нұр Ғасыр» мешіті мен Әулие Никольск православие шіркеуіне барды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге сапары кезінде әр жылдары ірі өндіріс орындарын іске қосты. Әсіресе, металлургия саласының жаңалығы мол болды. Мәселен, Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында үш рет кездесу өткізді. Алғашқы таныстық 2005 жылы өтті. Ол кезде кен-байыту цехы салтанатты түрде іске қосылған болатын. Ал 2009 жылы әлемде теңдесі жоқ №4 цехтың капсуласын салды.

«Мемлекет басшысы Индустрияландыру картасына енген Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цехтың бірінші балқыту пешін салтанатты түрде іске қосты. Цех аумағы 47 гектар. Жаңа ферроқорытпа цехында төрт пеш бар. Құрылыстың жалпы құны – 843 млн доллар. Цех пайдалануға берілсе, хром өндірісі ұлғаяды, сейілткіш газдар мен шикі құрамда жылыту арқылы тұрақтандырғыштардың шығыны тө­мен­­дейді. Мұнда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев зауыт жұмысшыларымен тілдесті. Сол жылдары зауыттың балқыту бөлімінің инженер-технологы Жәнібек Нұрмұханов әрдайым металлургтерді назарында ұстап, қолдау танытып келгені үшін алғыс білдірді»,- дейді зауыттың баспасөз хатшысы Ұлтуар Асанова.

Ал Елбасымен екі рет кездесіп, ерекше ықыласқа бөленген Жәнібек Нұрмұханов бүгінде әр жүздесудің сәттілік әкелгенін айтып жүр.

«2009 жылдың қыркүйегі болатын. Елбасы өңірге сапары кезінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңа цехына арналған капсуланы салды. Ол кезде мен №1 балқыту цехы бастығының орынбасары едім. Елбасы алдында «Еліміздің болашағы біз сияқты жастардың қолында, сондықтан да талай еңбек белестерін бағындырып, металлургия саласына өзіндік қолтаңбамызды қалдырамыз» деп жастардың атынан уәде беріп, қол алысқан едім. Осы кездесуден кейін көп ұзамай-ақ «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданынан заман талабына сай салынған екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Қазіргі таңда отбасыммен осы пәтерде тұрып жатырмын. Араға бес жыл салып «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының жаңа ферроқорытпа зауытын іске қосу шарасында екінші рет Елбасымен кездестім. Жаңа зауыт құрылысына қатысқан жас мамандардың атынан компанияда жастарға қарастырылған жеңілдіктер жайын баяндап бердім. Сөзімді ерекше бір ықыласпен тыңдаған Елбасы қолымды алып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Елбасымен естелікке суретке түсіп, бір жасап қалдым. Кейде достарым қалжыңдап, «Енді қашан Президентпен кездесесің?» деп әзілдейді. Мен де еш ойланбастан «Металлургия саласында аман-есен жүрсем әлі талай кездесіп, әңгімелесемін» деп жауап беремін»,- дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның жаңа ферроқорытпа зауытының дайындау және іске қосу учаскесінің жаңа технологияларды енгізу жөніндегі бас маманы Жәнібек Нұрмұханбетов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге сапары кезінде аграрлық саланың жетекшілерімен жиі кездесті. Жылыжай, ет өңдеу кешені мен балық шаруашылығы, ұн өңдеу, құс өсіру саласымен танысып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына қолдау көрсетті, мемлекет тарапынан берілетін көмек жайын айтты.

Ел бірлігі мен татулығын паш еткен шаралар да Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2009 жылдың күзінде Ақтөбеде «Достық» үйі ашылды. Мұнда 18 этно-мәдени орталық паналап отыр. Олар өз тілін үйреніп, салт-дәстүрін сақтау жолында бас қосады. Ұлттық би ұжымдары облыстағы барлық мәдени шараларға белсене қатысып, татулықты сақтауда сүбелі жұмыс істеп жүр.

2014 жыл. Ақтөбе. «Дару» оңалту орталығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылындағы көршісі Евдокия Санжаровамен кездесті.

«Шамалған ауылында жұбайым Иван Санжаров, туған-туыстарым қай­тыс болған соң, сіңлім Мария ме­­ні Ақтөбеге шақырды. Сөйтіп, 1999 жылы осы жаққа қоныс аудар­дым. Алғашында бәрі жақсы болды. Біз жаз бойы саяжайға барып, кө­кө­ніс ектік. Қыс түсе, түрлі жемістен пі­сірген тосап, көкөністі сатып едік. Уақытымыз жақсы өтіп, сіңлім екеу­міз бір-бірімізге сүйеу болдық. Ал ол қаза тапқан соң мен жалғыз қалып, денсаулығым да сыр бере бастады. Емханаға хабарласып, дәрігер ша­қырдым. Ешкім келмеді, бірақ, бір күні үйге «Дару» емханасының бас дә­рігері Мереке Маратұлы бас сұ­ғып, ертең ауруханаға жататы­ным­ды айтты. Сол емханаға бірнеше рет жатып, ем қабылдадым. Кезекті ем қабылдау кезінде Сұлтан келіп, қуанып қалдым. Мен Шамалғаннан көшіп кеткен соң, ол жаққа бармадым, Сұлтанды көр­медім. Арада 15 жыл өткенде қай­та қауышуға, оны құшақтап, аман­дығын білуге тағдыр жазды. Ша­­малғандағы үйдің жанында орын­­дық болды. Сол жерде отырған кез­де кішкентай Сұлтан келіп жа­ны­мызға жайғасады, құшақтап сүюге мүмкіндік бермей қашып кетеді. Ал Ақтөбеге келгенде оны құшақтап, сүйдім де кішкентайында сүюге еш мүмкіндік бермей кетіп қалатынын еске салдым», - дейді қария.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге сапары кезінде спорттық нысандарды іске қосты, халықаралық талапқа сай келетін кешендердің жұмысымен танысты. «Достық» су спорты кешені мен Теннис орталығында болды. Тіпті, «Ақтөбе» футбол клубының ойынын тамашалап, арнайы сыйлық алды.

Ал суда жүзуден облыстық, республикалық біріншіліктердің жеңімпазы, ҚР Кубогінің иегері Асхат Камзенов «Достық» су спорты кешеніндегі кездесуді жылы шыраймен еске алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бетпе-бет келген спортшы халықаралық талапқа сай салынып, спортшыларға барлық жағдай жасалған кешеннің жұмысына сәттілік тілегенін айтады.

«Мемлекет басшысымен кездесу, тілдесу – үлкен мәртебе. Біз суда жүзудің жақсы үлгісін көрсеттік, Мемлекет басшысымен бірге суретке түстік. Бізге риза болып, спорттық жолымызға сәттілік тіледі. Міне, сол кездесуден соң «Достық» су спорты кешеніне келіп, жаттығатын балалар мен жасөспірімдер қатары артты. Біздің елімізде спортпен шұғылданамын деген адамға бар жағдай жасалған. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтқыр шешімдері мен ұтымды жұмысының жемісі»,- дейді ақтөбелік спортшы А.Камзенов.

Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Әлия» мемориалдық музейі мен Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты «Ұлт мақтанышы – Елбасы» атты фотоқұжаттар көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге мұрағаттағы бірегей суреттер қойылды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге 80 жылы ХХIV партия конференциясына келген болуы мүмкін. Себебі, мұрағатта сөйлеген сөзі бар, түзетілген. Бұл құжат әлі де зерттеуді қажет етіп тұр. Ал 1984 жылы Қазақ ССР Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамбет Қонаев пен сол жылдары Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге келген. Олар геологияқ музейге, Әлия Молдағұлова атындағы музейге барған. Бұл фотосуреттер мұрағатта сақтаулы. Қазіргі уақытта «Ұлт мақтанышы – Елбасы» деген атпен тұрақты көрме ретінде қойылды», - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының құжаттарды жариялау және пайдалану тобының басшысы Бақытгүл Ешмұратова.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеге сапары әрдайым табысты болды. Кәсіпкерлер мен шаруалар, басшылар мен қарапайым жұмысшылар, студенттер мен оқушылар, спортшылар назардан тыс қалмады. Әрқайсысы ерекше ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алып, Мемлекет басшысына табыс тіледі.


comments powered by HyperComments