Республикалық ата-аналар жиналысының қорытындысы жарияланды

Республикалық ата-аналар жиналысының қорытындысы жарияланды

17 мамыр, 19:37 317 Астана
Республикалық ата-аналар жиналысының  қорытындысы жарияланды

Бұрын соңды мектеп қабырғасында ата-аналар жиналысы өтеді дегенді естісек көз алдымызға бір сыныптың ішінде отырған 10-15 шақты ата-ана елестейтін еді. Олардың басқосуында тек сынып мәселелері ғана айтылып, онда оқитын санаулы ғана оқушыға қатысты әңгіме өрбитін. ҚР Білім және ғылым миністірлігі осы бір қалыптасып қалған ескі қағиданы өзгертіп, 2017 жылдың 12 мамырында тұңғыш рет еліміздің барлық мектептерінде жалпыұлттық ата-аналар жиналысының өтетіндігін жариялады, деп хабарлайды BNews.kz

Республика көлемі бойынша 7450 мектептің 6831-де, яғни 92 пайызында, аталған іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Әсіресе Алматы (64%), Қарағанды (80%) Ақтөбе (69%) Қызылорда (85%) Шығыс Қазақстан (89%) облыстары мен Алматы қ. ата-аналары белсенділік танытып, түйткілді мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, жиналыс барысында мектептегі қамқоршылық кеңестері, демеушілік және қайырымдылық туралы көп айтылды. Мектеп басшылығы мен ата-аналар биыл жаңа форматта өтетін ҰБТ-ға оқушылардың дайындығы қай деңгейде екенін толықтай талқылауға мүмкіндік алды. Түлектердің мектепті тәмамдау құрметіне өтетін мерекелік іс-шараларының қандай қағидаларға сәйкес болуы қажет деген сұрақ та жауапсыз қалған жоқ.

Ел ауқымында өткізілген шараның негізгі мақсаттарының бірі – шәкірттер білім нәрін сіңіріп жүрген мектеп беделін көтеру және рухани құндылықтарды арттыру болатын. Білім және ғылым министірлігі алдын ала хабарлағандай, жиналысқа келген ата-аналар мектеп кітапханасына өздері мүмкіндіктері жеткен және оқушыларға пайдасы мол деген кітаптарын табыстап жатты. Соның нәтижесінде кітапханалар әдеби, техникалық т.б бағытта жазылған 370 000 кітаппен толықты. Тұңғыш рет өтіп отырған іс-шараны Білім және ғылым министірлігі енді дәстүрлі түрде өткізуге шешім қабылдап отыр. Ата-аналар да өскелең ұрпақтың тағдырына қатысты бұндай ауқымды іс-шараның аса маңызды екенін айтып, шараны ұйымдастырып-өткізген мектеп ұжымдарына алғыстарын білдіріп қайтты.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «жалпыұлттық ата-аналар жиналысы»