Шетелде жұмыс iстейтiн қазақстандық әртiстер мен спортшылар салықты сол елде төлейдi

Шетелде жұмыс iстейтiн қазақстандық әртiстер мен спортшылар салықты сол елде төлейдi

21 желтоқсан, 10:56 222 Астана
Шетелде жұмыс iстейтiн қазақстандық әртiстер мен спортшылар салықты сол елде төлейдi

Словенияда өз қызметін жүзеге асыратын қазақстандық әртістер мен спортшыларға салық осы елде салынады. Бұл бүгiн Мәжiлiсте мақұлданған «Қазақстан Республикасы мен Словения Республикасының арасындағы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды BNews.kz.

 «Конвенцияны ратификациялау, біріншіден, уағдаласушы мемлекеттердің арасында салық салу құқықтарын бөлу жолымен уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан мен Словения арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге жол ашады. Үшіншіден, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтаруларды болдырмау мәселелерін шешуге көмектеседі», - деп баяндады ҚР қаржы министрi Бақыт Сұлтанов.

Конвенцияның жекелеген баптары уағдаласушы мемлекеттерде қызметiн жүзеге асыратын әртістердің, спортшылардың, мемлекеттік қызметшілердің, студенттердің табыстары мен өзге де төлемдеріне салық салудың айқын тәртібін көрсетеді.

«Словенияда өз қызметін жүзеге асыратын қазақстандық әртістер мен спортшыларға салық Словенияда салынады. Словения әртістері мен спортшылары үшін де осындай жағдай. Мемлекеттік қызметшілер Словенияда Қазақстан үшін қызмет атқарған жағдайда олардың табысына салынатын салық тек біздің бюджетке төленеді. Қазақстанда жұмыс істейтін Словенияның мемлекеттік қызметшісінің жағдайында да соған ұқсас болады», - дедi ол.

Бұдан бөлек министр Қазақстан мен Словения арасындағы өзара сауда туралы статистикалық деректерге тоқталып өттi. Мәселен, Қазақстан мен Словения арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1023,0 млн АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 93,1 млн АҚШ долларын құраған.

«Қазақстанға Словениядан тартылған инвестициялар соңғы 10 жылда 15,8 млн АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 4,2 млн АҚШ долларын құрады», - дедi Б.Сұлтанов.

Айта кетейiк, конвенция Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Біріккен ұлттар ұйымының салық конвенцияларының үлгілері негізінде жасалған.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «Бақыт Сұлтанов»