Қашқындық жасаған шымкенттік әскери қызметші 2 жылға сотталды

Қашқындық жасаған шымкенттік әскери қызметші 2 жылға сотталды

18 шілде, 10:36 730 Оңтүстік Қазақстан облысы
Қашқындық жасаған шымкенттік әскери қызметші 2 жылға сотталды

Шымкентте кезекті еңбек демалысы кезінде жұмысқа орналасып алып, әскери бөлімге оралмаған ефрейтор 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Вnews.kz.

Шымкент гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 442-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін бір әскери бөлімнің келісімшарт бойынша К.-ға қатысты қылмыстық ісін қарады.

Әскери бөлім командирінің бұйрығына сәйкес бұл азаматқа кезекті еңбек демалысы берілген. Алайда,  әскери қызметші демалыс билетінде көрсетілген мерзімде қызмет орнына келмеген, күзет агенттігіне жұмысқа орналасып, әскери бөлім басшылығының телефон қоңырауларына және СМС хабарламаларына жауап бермеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери полиция бөлімінің қызметкерлері К.-ны ЖШС күзет агенттігінде ұстаған.

Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, өкінетіндігін айтты. Сот үкім шығару барысында оның жасын, бұрын сотталмағандығын, оң мінездемесін және басқа да жеңілдететін мән-жайларды назарға алды. Шымкент гарнизоны әскери сотының үкіміне сәйкес сотталушы құқық бұзушылықты  жасағаны үшін айыпты деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы  тағайындалған. ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес жаза шартты түрде тағайындалды.

ҚР ҚК-нің 49-бабына сәйкес сотталған К. «Ефрейтор» әскери атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген. 

тақырыпты жалғастыруға «ОҚО»