«Ақтөбе» ФК бас бапкері жаңа маусым тартысқа толы болатынын айтты
Наверх

Астана
USD 335.71
EUR 357.36
CNY 48.76
RUB 5.23


«Ақтөбе» ФК бас бапкері жаңа маусым тартысқа толы болатынын айтты

ФОТО: автор

Бүгін «Ақтөбе» ФК бас бапкері болып 43 жастағы украиналық Игорь Рахаев тағайындалды. Команданың 70-80 пайызы 15 желтоқсанда өтетін оқу-жаттығу жиыны кезінде нақтыланады. Ойынның жаңа маусымы басталғанша ақтөбелік футболшылар Түркияда үш рет оқу-жаттығу жиынын өткізбек, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.


«Ақтөбе» футбол клубы соңғы екі жылда төрт рет бас бапкерді ауыстырды. Қазіргі уақытта клубтың бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев 300 миллион теңгені жымқырды деген айыппен үйқамақта отыр. Іле-шала Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов қамауға алынды.

Ал, бүгін бас директордың міндетін атқарушы Мақсат Тюмалиев ақтөбелік жанкүйерлер мен тілшілерге бас бапкер Игорь Рахаевты таныстырды. Ол өзі футбол ойнап, жартылай қорғаушы болған. 2002 жылдан бері бапкер болып жүр. Украинаның «Металлист» және харковьтік «Арсенал», Молдавияның «Заря» командасын жаттықтырды. Бас бапкер ретінде әр жылдары Украинаның бірінші, екінші лигасында күміс жүлдеге ие болды. Ал биыл Молдова Кубогінің иегері атанды.

«Біз команда үшін біліктілігі жоғары, тәжірибелі маман іздедік. Игорь Рахаев футбол ойнаған, жасөспірімдерді жаттықтырған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша жастар командада болуы тиіс. Осы мақсатта жастармен нәтижелі жұмыс істеген жақсы маманды шақырып отырмыз», – дейді «Ақтөбе» ФК бас директордың міндетін атқарушы Мақсат Тюмалиев.

Игорь Рахаев Ақтөбеге алғаш рет келіп отыр. Ұсыныс түскен бойда «Ақтөбе» футбол клубының ойындарын қарап, жан-жақты танысқанын айтты. Дегенмен бюджет әлі бекітілмеді, клуб үшін тапсырма берілмеді. Бірақ жаңа бас бапкердің амбициясы мықты.

«Біз үшін кестенің ортасында, соңында жүру жараспайды. Біз биылғы маусым тартысқа толы болатынына сендіреміз. Басшылардың да, біздің де амбициямыз мықты», – дейді бас бапкер Игорь Рахаев.

Айта кетейік, бас бапкермен бірге қақпашымен арнайы жұмыс істейтін, ойыншылардың физикалық дайындығына жауап беретін арнайы мамандар шетелден шақырылуы мүмкін. Дегенмен, тәжірибе жинау үшін жергілікті мамандар да тартылады.


comments powered by HyperComments