Түркия неге тынышсыз?

Түркия неге тынышсыз?

12 желтоқсан, 19:14 385
Түркия неге тынышсыз?

Бүгінгі Түркия баяғы мамыражай Түркия емес. Өйткені, ресми Анкара соңғы жылдары геосаяси мәселемен тереңірек айналысқалы елден маза кетті.

Бұрынғысын былай қойғанда, биылғы жыл басынан бері ел территориясында қаншама жарылыс болды. Қаншама бейкүнә адам жан қиды. Қан төгілді. Бұл аздай өткен шілде айында мемлекеттік төңкеріс жасауға қадам бағытталды. Тағы қан төгілді. Бірақ билік жеңіп шықты. Іріткі салушылар қудаланды. Қамалды. Тентіреп кетті. Ердоған ер екенін танытты. Қасқайып қарсы тұрды. Жеңді. Өзін мойындатты. Бірақ тірлік онымен біткен жоқ. Одан кейін де бірнеше лаңкестік жарылыс болды. Соңғысы – кешегі. Қырыққа жуық адам құрбан болды. Жүз алпысқа тарта адам жараланды. Қаза тапқандардың отызы тәртіп сақшылары. Елде қаралы күн жарияланды. Режеп Тайып Ердоған арнайы сапармен Қазақстанға келуі тиіс еді. Жағдайға байланысты сапар кейінге қалдырылды. Бұл жолғы Ыстамбұлда болған жарылысты күрд қарулы топтары («Күрдістанның азат сұңқарлары») мойнына алды. Айтқымыз келгені бұл емес. Басқа.

Соңғы кезде Түркияда неге оқыс оқиғалар жиілеп кетті? Неге Түркия кешегі мамыражай тірліктен айырылып қалды деген мәселе. Төрт теңіздің ортасында ғажайып жерде орналасқан Түркия біраз уақыт тыныштық мекені болды. Туризм гүлдеді. Мемлекеттік қазынаның бір бүйірі осы сала арқылы бұлтиды. Мемлекетте өркендеу басталды. Шығыста – Қытай, Жерорта теңізінің жағасында Түркия даму жағынан ешкімді алға салмады. Сөз жоқ, бұл мемлекет басшысының дұрыс саясат жүргізуінің жемісі. Бұл – Режеп Тайып Ердоғанның еңбегі. Дегенмен, жағдай 2011 жылдан бастап өзгере бастады. Бұған түрткі «Араб көктемі». От Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада жатқан бірқатар араб елдерін шарпып өтті. Бұлғақ болған елдердің басшылары тақтан тайды, құрбан болды. Алайда «Араб көктемі» Сирияға келгенде батпақтап қалды. Айдан айға, жылдан жылға созылған азамат соғысы басталды. Ирак, Сирия, Ливия жерінде «Ислам мемлекеті», «Нұсра майдан» т.б лаңкестік топтар ойнақ салды. Тек шариғатқа бағынған Халифат құрғысы келді. Қос өзен елі мен Шам жері шаң мен қанға бөкті. Бұл аймақта үлкен мүддесі бар алпауыт елдер Сирия мен Ирак мәселесіне араласты. Жағдай тіпті ушықты. «Бей - берекет кезде бостандық алып қалайық» деп Сирия жерінде ошарлана орналасқан күрд топтары көтерілді. Іргесінде болып жатқан іргелі оқиғаларға Түркия бей-жай қарап отыра алмады. Дүбірге қосылды. Қосылайын деп қосылған жоқ. Мәжбүрлік. Соғыс болып жатқан елдерден бас сауғалаған босқындар Еуропаға өту үшін алдымен Түркияға ат басын тіреді. Осы жерде босқындар лагері құрылды. Бүгінде 3 миллион босқын осында өмір сүруде. Еуропа мен Түркия арасындағы текетірес осы жерде басталды. Түркия «Бізге қаржылай көмек бер. Не болмаса, босқындарды сендерге жібереміз» деді. Бұл уәжге ЕуроОдақ қарсы келмей, 3 миллиард еуро көлемінде көмек беруге шешім шығарды. Бірақ 300-400 миллион көлемінде ақша бөліп, арты сиырқұйымшақтанып кетті. Онымен қоймай, «біз қойған шарттарды орындамаса, Түркияның Еуроодаққа енуіне есік жабық» деп тағы шықты. Бұған наразы болған Ердоған: «шекараны ашамын, бүкіл босқынды қоя беремін» деп кәрі құрлықтың үрейін ұшырды. Бұл да Түркия басшысының басын сарсаңға салған жағдайдың бірі.

Сирия мен Ирак жағдайына келетін болсақ, өз мүддесін көздеген Түркия екі ел териториясына да әскер енгізді. Қажеттілік. Өйткені дәл іргеде жаңа бір күрд мемлекеті бас көтеруіне қарсылық. Оның себебі бар. Егер де Сирияда жүріп жатқан қақтығысты пайдаланып, күрдтер тәуелсіз мемлекет болмаса да, автономиялық облыс құратын болса,онда олар Түркия жерінде отырған 20 миллион күрдке қозғау салады. Онсыз да қырықпышақ болып, ресми Анкараға айбат шегіп отырған түркиялық күрдтер бостандық үшін күресін тіпті жандандыра түсетіні белгілі. Осының бәрін таразыға тартқан Ердоған лаңкестік топтармен қатар, күрд жасақтарын да тәубеге келтіру үшін Сирияға әскер енгізуге мәжбүр болды. Ол операция «Ефрат қалқаны» деп аталады. Шекара түбінде ойнақ салған «Ислам мемлекеті» лаңкестерімен қатар, осы маңда күрес жүргізіп жатқан күрд топтарын талқандап, түре қуып тастау. Мақсат орындалуда. Бірақ Түркияның Ирак пен Сирияға шағын болса да танк және бронды көліктермен жарақтанған әскер кіргізуі кейбір алып елдерге ұнап жатқан жоқ. Бәзбірі түрік пен күрд арасына ши жүгіртіп қақтығыстың ұлғаюына күш салуда. Бұл оқиғалар да Түркиядағы тұрақтылыққа белгілі бір деңгейде әсер етуде.

Тағы бір еске сала кететін жайт, соңғы теракт болатын күні басында Ердоған тұрған Әділет және даму билік партиясы парламентке конституцияда бірқатар өзгерістер мен толықтырулар өзгертуге арналған жобаны ұсынған. Онда президентке, яғни Ердоғанға үлкен өкілеттілік берілмек. Егер де парламент сараптан өткізіп, қабылдайтын болса, елде президенттік басқарылым салтанат құрмақ. Бұл Түркия Ердоғанның ашса алақанында, жұмса жұдырығында деген сөз. Онда елдегі күрдтерге де қиын болмақ. Бұл жөнінде күрдтік Халықтық демокаратиялық партия басшылығы талай мәрте мәлімдеме жасаған. Олар Ердоғанның шексіз билікке ие болуынан қорқады. Бұл жарылыс соған наразылықтың бірі болуы мүмкін. Екінші бір мәселе, лаңкестік жарылыстардың тыйылмауы Ердоғанның да еркін қимылдауына жол ашпақ. Жақында ғана ол «егер парламент өлім жазасын қайтадан енгізетін болса, мен қарсылық танытпаймын» деген. Демек Түркияда өлім жазасы қайта орнаса, Ердоғанның лаңкестермен күресі күшеймек.

aikyn.kz

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «Түркия»