Аймақтың дамуына үлес қосқан Атыраулықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды
mod kz

Аймақтың дамуына үлес қосқан Атыраулықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

15 желтоқсан, 10:24 193 Атырау облысы
Аймақтың дамуына үлес қосқан Атыраулықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани-мәдени өмірінің гүлденуіне үлес қосқан жандар да бүгін зор құрметке ие болды. Еңбегі еленген 50 адамға бүгін облыс әкімі жоғары мемлекеттік наградаларды табыс етті деп хабарлайды Bnews.kz  тілшісі.

 

 

Елбасы жарлығымен өңірдегі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, үздік кәсіпорын басшылары, ұстаздар мен дәрігерлер, мәдениет және өнер саласының майталмандарынан құралған елу қайраткер  жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында Атыраулықтар «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендері және «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» «Шапағат» медальдарына ие болды. Күні кеше Президенттің қолынан «Парасат» орденін алған облыс әкімі, бүгін Елбасы атынан көпшілікті құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыс етті.   

«Бұл Атыраулықтардың еңбекте, мәдениетте, дансаулық саласында, білім саласында  атқарған ерен еңбектері үшін, адал қызметтері үшін Елбасының тарапынан көрсетілген құрмет, еленген еңбек. Бүгін ол кісілердің еңбектері жанды. Алдағы уақытта да олар өздерінің істеріне адал қарап, атқарған қызметтері еліміздің дамуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз», - дейді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

    Фото: автор

Еңбегі еленген жандардың арасында адам өмірін сақтап қалған, бейбіт өмірдің батырлары  - құтқарушы, әскери және құқық қорғау органдарының сарбаздары да бар. Қайырымды жандар мен меценаттар да назардан тыс қалған жоқ бұл жолы. Солардың бірі Ерлан Күмісқалиев. Ол оншақты жылдардан бері өздігінен жүріп тұра-алмайтын мүгедек балаларды сауықтыру, өмірге бейімдеу шараларымен айналысып келеді.  

«Мен бұл награданы біздің орталықта тәлім алатын балалар мен аналарға арнаймын. Маған сенім артып, қолдау білдірген жандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Алда әлі талай асуларды бағындырып, талай жеңістерге жететіндігімізге  сенімдімін», - дейді «Атырау.Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев.

Фото: автор

Сонымен қатар облыстағы қызметіне адал, көпшілік алдында бет-беделді, тиянақты еңбегімен ерекшеленген көптеген жандар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  мерекелік медальдармен марапатталды. Ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ақшалай сыйақы да берілді. Бұл мақсатта 43 мыңнан астам адамға 3,1 млрд теңге бөлінген.     

 

тақырыпты жалғастыруға «марапаттау»