Ақтөбеде жаңа балабақша пайдалануға берілді
mod kz

Ақтөбеде жаңа балабақша пайдалануға берілді

16 желтоқсан, 15:00 306 Ақтөбе облысы
Ақтөбеде жаңа балабақша пайдалануға берілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тарту. Бүгін Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған жаңа балабақша ашылды. Бақшаға 515 миллион теңге бөлігіп, игрілген. Бір ерекшелігі, мұнда тілі мүкіс балаларға арнайы топ қарастырылған. Логопедтердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалады. Әр топ тек 18 балаға шақталмақ. Пайдалануға берілген балабақша қаңтар айында толық жұмысқа кіріседі. Ал қазір өтініштер қабылданып жатыр, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Тәуелсіздік күнінде Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында тағы бір балабақша ашылды. Мемлекеттік тәрбие орны 320 балаға шақталған. Кең де жайлы бақшадағы жатын орын, ойын және тазалық бөлмелері балалардың бойы мен жасына сай келеді. «Құлагер» бақшасында 12 топтық бөлме қарастырылған. Екі арнайы түзету тобы да бар. Сонымен қатар, медициналық кабинет пен асхана заманауи үлгімен жабдықталған. Аптасына бес күн жұмыс істейтін болады. Бір ерекшелігі, мұнда әріптерді анық айта алмайтын, сөздері түсініксіз балалар арнайы тәрбиеленеді. Олармен логопедтер жұмыс істемек.

Фото: автор

«Қазіргі уақытта тілі мүкіс балалар көп. Сондықтан біздің балабақшада екі арнайы топ ашылды. Олардың әрқайсысында 18 бала тәрбиеленеді. Логопедтер балаларды әріптерді дұрыс айтуға, ойлау қабелеттерін жетілдіруге, сөйлем құрастыруға үйретеді. Мұнда тек Батыс-2 ауданында тұратын балалар емес, баласына ерекше күтім керек кез келген ата-аналар өтініш жасай алады», - дейді «Құлагер» балабақшасының меңгерушісі

Фото: автор

Бұл Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында пайдалануға берілген үшінші балабақша. Бұған дейін бір мемлекеттік, бір жеке меншік бақша ашылып, онда 800-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Жоспар бойынша келер жылы тағы екеуі салынады. Оның бірін мемлекет қаржысы есебінен тұрғызу жоспарда бар.

«Мұнда төрт немерем келіп, тәрбие алады. Бұған дейін оларды қаладағы басқа аудандарға тасып жүр едік. Ата-аналары жұмыстан қолы босамайды. Сондықтан тасымалдау атасы мен әжесіне жүктелді. Енді өз ауданымызда пайдалануға беріліп, қуанып жүрміз», - деді ата-ана Нұржан Есқалиев.

Фото: автор

Бақшаның ашылуына қатысып, тәрбие ордасының жұмысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы тапсырмасына орай 2020 жылға дейін балаларды түгел бақшамен қамтылатынын жеткізді.

«Қазір балаларды бақшамен қамту облыс бойынша 92, Ақтөбе қаласы бойынша 88 пайызды құрайды. Соңғы жылдары тек мемлекеттік емес, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде бақша салынып жатыр. Ақтөбе қаласының өзінде 20-дан астам серіктестік негізінде пайдалануға берілді», - дейді облыс әкімі Б. Сапарбаев.

Фото: автор