Арқа төсінде алтын кені өндіріледі
mod kz

Арқа төсінде алтын кені өндіріледі

13 желтоқсан, 16:58 198 Қарағанды облысы
Арқа төсінде алтын кені өндіріледі

Жезқазғанның іргесінде жаңа кен орны ашылып, алтын кенін шоғырлы сілтісіздендіру құрылғылар кешені мен құрамында алтын кені бар рудаларды өңдеуге арналған өндірістік модуль іске қосылды, деп хабарлайды BNews.kz.

 

 

Енді қаладан 140 шақырым жердегі Жалтырбұлақ кен орнынан қазылған алтын кені заманға сай күрделі технологиямен шайылып, Шығыс Қазақстандағы алтын қорыту зауытына жөнелтіледі. Онда Жезқазған кенінен Доре қорытпасы алынып, нарыққа жол тартады.

Жалтырбұлақ кен орнындағы жаңа құрылғыны іске қосуға арналған салтанатты шараға Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, «Жалтырбұлақ» АҚ филиалының директоры Сергей Верпата мен оның орынбасары Максим Аблин қатысты.

«Құрметті жерлестер, қадірді жезқазғандықтар! Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген инновациялық-индустриялық жобалар жүзеге асып жатыр. Мерейтой қарсаңында өтіп жатқан «25 жұлдызды күн» акциясы аясында өңіріміздегі тағы бір қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Бүгін жаңа өндіріс нысаны іске қосылғалы тұр. Мұнда 150-ден астам адамға жаңа жұмыс орны ашылады, еңбеккерлерге қажетті барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа кәсіпорынның осы кен орнының төңірегіндегі ауыл тұрғындарына да берері мол», - деді Батырлан Ахметов.

Сарыкеңгір ауылдық округына қарасты аумақтағы кен орнында құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Алтын кенін шаю және өңдеу өндірісінің құрылысына бас-аяғы 3,4 миллиард теңге жұмсалса, оның 2,4 миллиард теңгесі – компанияның өз қаражаты. Жобаның толық қуатына сай мұнда жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін руда өңделмек. Кәсіпорынның ақырғы өнімі Доре қорытпасының басты сатып алушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.

Доре қорытпасының құрамындағы алтынның үлесі әдетте 70 пайыздан кем болмайды. Алтын кен орындарынан алынған қорытпа ары қарай тазарту зауытына жөнелтіледі. Онда қорытпа балқытылып тазартылған, сынамасы қойылған, әлемдік стандарттарға сай алтын құймасы түрінде сатылымға шығарылады.

тақырыпты жалғастыруға «»