«Диуани хикмет» көшірмелерінің Көкшетаудан табылуы – Яссауи танудағы үлкен жаңалық – С.Жәмбек

«Диуани хикмет» көшірмелерінің Көкшетаудан табылуы – Яссауи танудағы үлкен жаңалық – С.Жәмбек

12 желтоқсан, 16:28 598 Ақмола облысы
«Диуани хикмет» көшірмелерінің Көкшетаудан табылуы – Яссауи танудағы үлкен жаңалық – С.Жәмбек

Көкшетауда Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Яссауи мұрасы: маңыздылығы, сипаты және ғибраты» атты аймақаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Фото: автор

Конференцияға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баятұлы модераторлық жасады. Айтулы шарада Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин құттықтау сөз сөйледі.

Фото: автор

Конференцияға Астана, Алматы, Түркістан, Көкшетау қалаларынан ғалымдар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Шара барысында Әдебиет және өнер музейі қорындағы ғылымға «Көкшетаулық нұсқа» атауымен еніп отырған Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» қолжазбасының «Фолиант» баспасынан жарық көрген аудармасының тұсаукесері өтті. «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасы және оның аударылуы хақында» Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің Қорқыт атындағы ғылыми зерттеу институының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы баяндады.

«Көшірменің қашан, қай жерде, кімнің қолымен жазылғаны туралы нақты дерек жоқ, бас-аяғы жыртылған, сақталуы жақсы емес, тым ескі қолжазба екені белгілі. Сыртқы бетінде «Бекмұхаммет Ахметұлы деген адамның аты жазылған. Соның аяқ жағында «иесі молла Бекмұхаммет» деген сөз бар. Бұл адам хикметтерді көшіріп жазушы ма? Қолжазбаны сақтаушы ма? Ол жағы анық емес. Мұражай директоры  Нұрбек Нұралин: «Бұл қолжазбаны Көкшетауға оңтүстік жақтан Сарғалдақ қожа деген кісі әкеліп, Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымның қолында сақталған болуы мүмкін» деген болжам айтады», – дейді ғалым.

Фото: автор

Яссауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Уақыт қысымына шыдамай, біраз хикметтер оқуға келмеген, қағаздары тесіліп, әріптері түсіп қалған. Солай болса да 56 хикмет аударылып шыққан. Осының өзі үлкен олжа екендігін айтады ғалым.

Ғасырлар бойы Көкшетау қазақтарының арасында ауызша айтылып келіп, қағазға түскен бұл қолжазба нұсқаның орны ерекше. Түркітануда Яссауи дастанының кез келген көшірмесі ғылыми жаңалық. Сондықтан, бұл нұсқа отандық ғылым ғана емес, жалпы түркітану саласы үшін ерекше маңызға ие болып отыр. Нұсқаның ең маңызды, басты құндылығы ғасырлар бойы Көкше өңірі қазақтарының рухани дамуы жолында қызмет еткені болса керек.

«Қожа Ахмет Яссауидың «Диуани хикмет» көшірмелерінің біздің Көкшетаудан табылуы Яссауи тануды зерттеу ісіндегі үлкен жаңалық. Ол қазақ рухани мәдениеті үшін үлкен жаңалық болып табылады. Асыл мұрамыздың жаңа нұсқасының табылуы Яссауи мұрасын тани берудегі алға басқан қадам деп есептейміз. Мұраның табылуына түрткі болған Көкшетаудағы Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин, музейдің бас ғылыми қызметкері, фольклоршы ғалым Е.Баятұлы және осы ұжымның басқа да ғылыми қызметкерлері. Осы жерде көне қолжазбаның ғылыми тұрғыда аударылып, зерттеліп, көпшілікке танылуына мұрындық болған Қазақ Ұлттық өнер университетінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы бауырымызға үлкен алғысымызды білдіруіміз қажет», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек.

Конференцияға қатысушылар "Яссауи оқулары" байқауының республикалық және облыстық жеңімпаздарының өнерін тамашалады.

Фото: автор

Шараға Түкістан қаласынан "Ясауи мұралары" атты арнайы көрме ала келген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайының директоры Әубәкір Жандос Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Жамашұлына алғыс хат табыстады.

Шара аясында Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы арнайы көрме ұйымдастырып, көпшілік назарына ұсынды.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «Көкшетау»