Елімізде 11 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысаны мүгедектер ыңғайына икемделді
mod kz

Елімізде 11 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысаны мүгедектер ыңғайына икемделді

17 ақпан, 13:52 396 Астана
Елімізде 11 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысаны мүгедектер ыңғайына икемделді

Қазақстанда, 2012-2016 жылдар аралығы, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына жататын 27,8 мың нысан мүгедектерге қолжетімділігі тұрғысынан төлқұжаттандырылды. Оның ішінде 17,5 мың нысан бейімделуге тиесілі болса, 11 мың 212-сі мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетіне икемделді. Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz. 

Ол өз баяндамасында Қазақстан 2015 жылы мүгедектер құқығы жайлы конвенцияны мақұлдаған соң, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты міндеттерді іске асыруға кіріскенін еске салып өтті. Аталған құжат қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында сол жылы «Мүгедектер құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір ҚР заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған және онда 3 кодексті қосқанда, 24 заңнама актісіне түзетулер жасалған.

«Заңға түзетулер жасаудағы басты мақсат – мүгедектер мен өзге де іс-қимылы баяу тұрғындар тобының кедергісіз қозғалып тұруын қамтамасыз ету. Анығырақ тоқталсақ, темір жол вокзалдары мен станцияларында, айлақтар мен әуежайларда арнайы жол белгілерін орната отырып, мүгедек жандарға автокөлік құралдарын қоятын орындар қарастыру; көзі нашар көретін, құлағы естімейтін азаматтарға қолжетімді болатындай ақпараттық әрі белгі беру құрылғыларымен және байланыс құралдарымен жабдықтау; тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған жандарға қызмет көрсетуге қажет кезекші қоларбаның болуы; қоларбада отыратын мүгедектерге мамандандандырылған таксофондар орнату сынды талаптар бекітілді. Қызмет иелерінің немесе кәсіпкерлікпен айналысатын заңды-жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеу айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады. Қызмет иелеріне салынатын айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішті құраса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік санатына 400 АЕК болып есептелген», - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету аясында 2012 жылдан бастап жыл сайын оларды бейімдеудің өңірлік жоспарлары жасалуда, ал ҚР ЕХӘҚМ мамандары атқарылған жұмысқа тұрақты түрде сараптау жүргізуде.

«Барлығы Қазақстанда мүгедектер жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. Жергілікті атқарушы органдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде, 28 мың 205 нысанды төлқұжаттандырудан өткізуді көздеген еді. Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7%) төлқұжат алса, оның 17 мың 506 нысаны (62,9%) бейімделуге тиесілі болды. Бұлардың 11 мың 212 нысаны (64%) қажет деңгейде икемделді. Мүгедектерге қолжетімділік қамтамасыз етілген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының үлесі төлқұжатқа ие болған жалпы нысандар қатарынан 77,4%-ды құрады», - деді вице-министр.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жиі баратын нысандардың арасында 100% төлқұжаттандыру жұмыстары Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында еңсерілген. Төлқұжаттандырудың төмен қарқыны Маңғыстау облысында (1 мың 590 нысаннан 390), Жамбыл облысында (3 мың 36 нысаннан 904), Астана қаласында (1 мың 106 нысаннан 401), Шығыс Қазақстан облысында (3 мың 907 нысаннан 1 мың 926) байқалған.

Бейімдеуге жататын нысандардың жалпы көлемінен 90 пайыздан астамы Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қолайлы қалыпқа келтірілген. Бейімдеудің төмен деңгейі Маңғыстау облысында (347 нысаннан 97), Қарағанды облысында (785 нысаннан 302), Астана қаласында (309 нысаннан 132), Батыс Қазақстан облысында (955 нысаннан 467), Солтүстік Қазақстан облысында (1735 нысаннан 876), Ақтөбе облысында (702 нысаннан 295), Қостанай облысында (1 мың 166 нысаннан 593), Жамбыл облысында (904 нысаннан 598) назарға іліккен.

«Төлқұжаттандырудың төмендігіне, негізінен, нысандар тізбесін дұрыс жасақтамау, төлқұжаттандыруға жататын нысандарды қате жоспарлау және де сәйкес үдерісті жүргізуге қатысты сараптама тобының әлсіз жұмысы себеп. Бейімдеудің төмен деңгейіне, ең бірінші кезекте, бюджет қаржысының тапшылығы, нысандарды төлқұжаттандыруды сапасыз жүргізу, жергілікті атқарушы органдар жұмысын ұйымдастырудағы олқылықтар әсер етуде», - деп мән-жайды байыптады Светлана Жақыпова.

2016 жылы, бейімдеуге қажет нысандардың жалпы қатарынан, 4 мың 640 нысанды мүгедектердің мұқтаждығына лайықтау межеленген болса, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, 4 мың 537 нысан (97,8%) қажет дәрежеге келтірілген.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменттері, былтыр, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көліктік қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектерге қолжетімділігі бағытында ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» Заңының талаптарын сақтауға қатысты ішінара 83 және 287 жоспардан тыс тексеріс өткізген. Тексеріс шаралары нәтижесінде, 335 субъектіге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым жасалып, жалпы сомасы 26,1 млн теңгеге 157 әкімшілік айыппұл салынған.

Осы жылдың алғашқы жартысында іріктей отырып 122 тексеріс жүргізу жоспарланған.

Осымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігі тұрғысында «Қолжетімді орта» (friendlybuilding.kz) интерактивті картасын жасап шыққан. Бұл картаға жергілікті атқарушы органдар тұрақты түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы ақпараттар енгізіп жатыр. Үстіміздегі жылдың 15 ақпанындағы мәліметке сәйкес, аталған ресурсқа 27,8 төлқұжат алған нысанның 24 мың 834-і жайлы мағлұмат орналастырылған. 

тақырыпты жалғастыруға «мүгедектер»