Иран Президентінің біздің елімізге келуі қос мемлекет үшін де пайдалы – Елбасы

Иран Президентінің біздің елімізге келуі қос мемлекет үшін де пайдалы – Елбасы

22 желтоқсан, 13:16 268 Астана
Иран Президентінің біздің елімізге келуі қос мемлекет үшін де пайдалы – Елбасы

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Руxаниды қабылдап, кеңейтілген кездесу өткізіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.

 

 

 

«Иран – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғашқы болып таныған елдердің бірі. Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі ең маңызды әріптес және Каспий жағалауындағы тату көрші. Біз сіздерді дос деп санаймыз. Сіздің кейінгі кездегі ядролық мәселені шешуге сіңірген зор еңбегіңізді Қазақстан халқы өте жоғары бағалайды. Бұл мәселе жөнінде көп еңбек сіңірдіңіз. Дүниежүзінде сіздің бұл жұмысыңыз жоғары баға алды. Міне сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын», - деді Н.Назарбаев.

Президент Иран мемлекетінен санкциялар алынғалы толағай табыстарға жеткенін, сондай-ақ Қазақстан үшін әріптестіктің нығаюына септігі тигенін атап өтті.

«Ядролық бағдарламаға қатысты санкциялар алынғалы бір жыл уақыт өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде Иран өз экономикасын жүйелі дамытып, көп табыстарға жеткенін байқап отырмыз. Бұл Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа зор ықпал етті. Біз үшін Иранның жүргізіп отырған саясаты бүкіл Каспий төңірегіндегі елдерге үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Биылғы жылы сәуір айында Тегеранға сапар жасаған болатынмын. Енді, міне Иран Президентінің біздің елімізге келуі қос мемлекет үшін пайдалы болып отыр. Мен жасаған сапардан кейінгі нәтиже шеңберінде жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойылған. Ол жұмыстың барлығы қазір жүріп жатыр. Кейбіреуі ойдағыдай іске асырылуда. Қуантарлық жайт. Бірақ, әлі де күш салуымыз керек.  Алдымызда үлкен шаруалар бар. Сапарыңыз оң болсын деп тілеймін. Сіздің Қазақстанға сапараңызда алға қойған барлық мәселелені шешуге біз дайынбыз», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, құрметті мейманды бүгін әуежайдан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек күтіп алған еді.

тақырыпты жалғастыруға «Елбасы»