«Қазақстан аруы-2016» байқауының жеңімпазы анықталды

«Қазақстан аруы-2016» байқауының жеңімпазы анықталды

11 желтоқсан, 10:01 198 Астана

Бейбітшілік пен келісім сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Қазақстан аруы-2016» байқауының жеңімпазы анықталды. Ол – қызылордалық Гүлбану Әзімханова, деп хабарлайды BNews.kz

 

Алғашқы кезеңде қазылар алқасының шешімімен 15 ару жартылай финалға жолдама алды. Кейін ақтық сайысқа 8 үміткер шықты. Барлық кезең аяқталған соң, байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әділ қазылар алқасы тек 5 финалисті таңдады. Ал еліміздің ең сұлу аруын ел тұрғындары тікелей эфирде СМС-пен дауыс беру арқылы таңдады. Осылайша, «Қазақстан аруы-2016» байқауын қызылордалық Гүлбану Әзімханова жеңіп алды.

Ал 1-ші вице мисс атағын астаналық Елназ Нұрсейітова, 2-ші вице-мисс атағын көкшетаулық Жанара Найманбаева алды, 3-ші орын өскемендік Анастасия Усольцеваға бұйырды.

Осылайша, сайыстың жеңімпазы 5 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болып, «Әлем аруы-2017» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен ең сұлу 25 ару қатысты. Олар Бегайым Жорабекова (Астана қаласы), Тоғжан Бекжігіт («Шымкент аруы-2016»), Балқия Сазанова («Ақтау аруы»), Дания Кулярканова («Ақтөбе аруы-2016»), Мария Пятина («Қарағанды аруы»), Айзат Қожабаева (Павлодар облысы), Айман Незенгалиева («Инстаграмм аруы», Атырау қаласы), Кристина Шлиммер (Қостанай облысы), Зарина Загидуллина («Түркістан аруы»), Екатерина Цыганова (Петропавл қаласы), Жанзира Карибаева («Инстаграмм аруы», Ақтөбе қаласы), Анастасия Усольцева (Өскемен қаласы), Екатерина Подгородецкая (Астана қаласы), Айтгүл Нұрманова (Қостанай қаласы), Данара Бекмурзаева («Семей аруы-2016»), Гүлжан Давлетова (Алматы қаласы), Қымбат Бектай (Тараз қаласы), Айнұр Шаймарданова («Орал аруы-2016»), Далида Наукенова (Алматы қаласы), Аруна Сағатбекова (Талдықорған аруы-2016»), Жанар Найманбаева (Көкшетау қаласы), Сәндина Бисен («Инстаграмм аруы»), Кәмила Асилова («Алматы аруы-2016»), Гүлбану Әзімханова, («Қызылорда аруы»), Ақкүміс Елемесова («Атырау аруы»), Елназ Нұрсейітова («Астана аруы-2016»).

Қазылар алқасы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, «Астана опера» театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада, Рио Олимпиадасының жүлдегері Василий Левит, «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының бас директоры Алена Ривлина, Астана қаласы мәслихатының депутаты Асхат Оралов болды.

Ақтық сында көрермендер назарына ұлттық және кешкі киімдер ұсынылды. Сондай-ақ, кеште қазақ елінің аты аңызға айналған әйелдердің тағдырлары айтылды. Байқау финалында арулар өздерінің бас кейіпкерлерінің тағдырымен бөлісіп, олардың өмірбаяны, биік белестерге талпынысы мен өмірлік қағидалары туралы айтып берді. Осылайша, Дина Нұрпейісова, Әлия Молдағұлова, Күләш Байсейітова және тағы басқа әйгілі қазақ әйелдерінің тағдыры жайлы сыр шертілді.

Алғаш рет «Қазақстан аруы» жобасында «Таланттар шоуы» атты жаңа формат дүниеге келді. Бұл әрбір үміткердің «Қазақстан аруы-2016» ұлттық байқауының сахнасында өз өнерін көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, талантты, мақсаты айқын арулар «Қазақстан аруы-2016» жобасының «Таланттар шоуында» өз өнерлерін паш етті.

Айта кетейік, шараны еліміздің танымал тележүргізушісі Динара Сәтжан, «Астана опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин жүргізді. Мерекелік кеште «Слаян базары-2015» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген, Мақпал Исабекова, Айқын және «Формат» тобы өнер көрсетті.

Байқау финалының билеттерін сатудан түскен қаражат елордалық тұрмысы төмен отбасыларына беріледі.

Конкурсты КТК телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.

тақырыпты жалғастыруға «»